Дәл осындай тақырыппен халықаралық отбасы күніне орай Подстепный ауылдық мәдениет үйі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен, Теректі аудандық аналар кеңесінің қолдауымен іс-шара өтті.
Республикалық «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында отбасылық құндылықтарды насихаттау мақсатында өткен жиынның «шымылдығы» «Жас талап» өнер мектебі оқушыларының арнайы дайындаған қойылымымен ашылды.
Әр отбасындағы тәлім-тәрбиенің бала психологиясына тигізер әсері баяндалған қойылымнан соң, жиынға шақырылған меймандар ойларын ортаға салды.
Ақжайық ауылдық округі аналар кеңесінің төрайымы Ғазиза Рахметова үлгілі отбасы болудың жолы, ерлі-зайыптылардың бірін-бірі сыйлап, қолдауы, бала тәрбиесі жөнінде сөз қозғаса, Теректі аудандық полиция бөлімнің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция майоры Салтанат Байбулатова тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі бойынша ауданымызда атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімдеді. Облыстық дарынды балаларға арналған Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының психолог маманы Дария Жұбатова, Подстепный жалпы орта білім беретін мектебінің психологі Жұмагүл Хамзина және Подстепный №1 жалпы орта білім беретін мектебінің психологі Лаура Маратова ата-ана мен бала арасындағы келеңсіздіктің туындау себептерін талқылады.
Теректі колледжінің психологі Айгүл Мухамедьярова тренинг өткізіп, қатысушылардың отбасы ұғымына қатысты жеке пікірлеріне құлақ асты.
Жиын соңында Подстепный ауылдық мәдениет үйінің басшысы, аудандық аналар кеңесінің мүшесі Айнұр Қуанышқалиева мәнді, мағыналы ой өрбіткен спикерлерге алғысын айтты.
Сонымен қатар, бес жылдан бері Ақжайық ауылдық округі аналар кеңесінің төрайымы қызметін атқарып, қыз-келіншектердің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүрген Ғазиза Рахметқызын іс-шарамен тұспа-тұс келген туған күнімен құттықтап, аудандық аналар кеңесі атынан сый-сияпатын ұсынды.
Аяулым Бақтығали,
Теректі ауданы,
zhaikpress.kz