Жеке адамды басқа адамдармен қарым-қатынасқа, мәдениеттілікке тәрбиелеуде отбасы – алғашқы қадам. Сондықтан да ол өте қажетті, басқа ешнәрсемен ауыстыруға болмайтын баспалдақ. Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған орта. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол. Отбасының басты қазығы, алтын діңгегі – бала. Міне, дәл осы бағытта жуырда Амангелді мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінде» мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ботагөз Дарменова және аға тәлімгер Әсел Сапенованың ұйымдастыруымен «Жыл отбасы – 2021» отбасылық сайысы өтті.
Отбасы тәрбиенің бастауы, бала өміріндегі маңызды өнеге баспалдағы екендігін ескере отырып, отбасымыздағы өнегелі тәлім тәрбие, ұлттық салт-дәстүрлерді сақтау, отбасы тәжірибесін насихаттау, мектеп пен отбасының ынтымақтастығын насихаттау шараның басты мақсаты болып табылатын. Сайысқа қатысқандардың арасында Төлеушевтер, Шүменовтер, Ақжігітовтер, Дүйсенғалиевтер, Бақтыгереевтер, Успановтар және Беркімбаевтар отбасы бар. Аталмыш сайыс бес кезеңнен тұрды. «Тегін білу – тектілік» бөлімінде өздерін таныстырды. «Өнерлінің өрісі кең» бөлімінде өнерлерін көрсетті. «Мақал-мәтел жалғасын тап» бөлімі мақал-мәтел айтумен жалғасын тапты. «Ертегілер еліне саяхат» бөлімінде қойылым көрсетсе, «Сән үлгісі ою өрнекпен нақышталған» бөлімінде сән үлгісін көрсетті. «Жыл отбасы – 2021» сайысының бас жүлдесі Ақжігітовтер отбасына бұйырса, I орынды Беркімбаевтар отбасы иеленді. Ал Дүйсенғалиевтер отбасы мен Успановтар отбасы екінші орынға жайғасса, Төлеушевтер, Шүменовтер және Бақтыгереевтер отбасы үшінші орынды бөліске салды. Жалпы сайыс жоғары деңгейде өтті.
Жамбыл Жоламанов,
Амангелді мектеп-бөбекжай-балабақша
кешенінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні
мұғалімі