21.06.2022, 13:00
Оқылды: 8

Отбасымен денсаулық күзетінде

Қай кезде де адам жанының арашасы болатын дәрігерлер туралы жазудан жалықпаймыз. Адамға өмір сыйлаған бұл жандардың еңбегін қандайма биік өлшеммен айтуға тиіспіз.

Отбасымен денсаулык кузетинде (2)

Алысқа бармай-ақ, кешегі пандемия кезінде дәрігерлердің күн-түн демей адам өмірі үшін күресі бұл сөзімізді айғақтай түсті. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біз еліміздің даңқын, абыройын  спорттық жетістіктермен емес, адамдардың денсаулығын сақтауға үлес қосып жүрген дәрігерлердің еңбегімен өлшеуге тиіспіз» деген сөзінде үлкен мән жатыр. Казталов ауданында да денсаулық сақтау саласында өзіндік қолтаңба қалдырған дәрігерлер аз емес. Солардың қатарында бүгінде отбасы мүшелерімен денсаулық күзетінде жүрген Ботагөз Тілеуғалиқызы Ғұмарованы айтуға болады.

Ботагөз Ғұмарова 1988 жылы Ақтөбе мемлекеттік медициналық институтын «Терапия» мамандығы бойынша бітіріп келгеннен бері тапжылмастан Казталов аудандық ауруханасында жемісті еңбек етіп келеді. Оның алдынан талай науқастар емделіп шығып, алғыстарын айтты.

Отбасымен денсаулык кузетинде (1)

Бүгінде ауданда онколог-дәрігер болып қызмет атқарып жүрген Ботагөз Ғұмарова қауіпті кеселдің алдын алу үшін бар мүмкіндікті ұйымдастыруда. Тұрғындардың дәрігерлік байқаудан, скринингтен уақтылы өтулеріне жоғары жауапкершілікпен қарайды. Себебі ауруды өткізіп барып емдеуден гөрі оның алдын алу адамдарға да, мемлекетке де тиімді екенін уақыт көрсетіп отыр. Кейіпкеріміз тек дәрігер ғана емес, шебер ұйымдастырушы. Ол талай рет аудандық аурухана директорының орынбасары, директордың міндетін атқарушы болып абыройлы еңбек етті. Сол кездерде үлкен ұжымды бір мүдде тұрғысында жұмылдырып, халықтың денсаулық сақтауда, әсіресе пандемия кезінде жанқиярлықтың үлгісін көрсетті.

Жоғарыда отбасы мүшелері денсаулық саласында қызмет жасайды дедік. Расында да қызы Айнұр, ұлы Ернар жоғары білімді, білікті дәрігерлер. Олар медициналық жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін туған елде қызмет жасауда. Ұлы Ернар өзі ғана елге дәрігер болып оралмай, болашақ жан жары, өзімен бірге оқыған Берметтей қырғыздың сұлуын елге келін етіп алып келді. Бермет елдің келіні ғана емес, сүйікті дәрігеріне айналды. Ұл-қыздарының анасының жолын қуып, дәрігер мамандығын таңдап, туған елге қызмет етуі еңбек династиясын жалғастырушы. Ал жан жолдасы Темірхан ұзақ жылдан бері аудандық ауруханада түрлі қызметтер атқарып жүр. Былайша айтқанда, олар аудандық аурухана тарихында әулетімен қызмет атқарған отбасы болып қалатыны сөзсіз.

Отбасымен денсаулык кузетинде (4)

Дәрігерлерде де отбасы, бала тәрбиесі бар. Бірақ олар уақытпен санаспайды. Себебі «Гиппократ» антын қабылдаумен қатар алдына келген әр науқастың ауруын емдеймін деген ұлы міндет тұрады. Міне, осы міндетке бұл отбасының мүшелері лайықты қызмет атқарып жүр.

Ботагөз Тілеуғалиқызы білікті дәрігер болумен қатар отбасында сүйікті келін әрі немере-жиен сүйген бақытты әже. Келін дегеніміз сексеннің бесеуіне келген енесін бағып, күту де Ботагөздің мойнында. Өмір тәжірибесі бар дәрігер үлкенді қалай құрметтеуді келініне көрсетуде. Бұл да халқымыздың асыл қасиеттерін бойына сіңіргені деп ұғынамыз.

Әсем Болат,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале