Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық – қазіргі таңда көп талқыланып жүрген тақырыптардың бірі. Бұл – тек отбасының ғана емес, қоғамның дерті.
Ерлі-зайыптылардың, ата-ана мен баланың арасындағы келіспеушілік шаңырақтың тыныштығын бұзып қана қоймай, заң талабына қайшы әрекеттердің орын алуына әкеп соғады. Заң талабын бұзған жан жауапкершілікке тартылады.
Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмау үшін заң қабылданып, түрлі бағытта іс-шара жоспары бекітілді. Мәселен, «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» ҚР 2009 жылғы 4 желтоқсандағы №214-IV заң мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару құрылымдарының, ұйымдардың және ҚР азаматтарының тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы жөніндегі қызметінің құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздерін айқындайды.
Казталов ауданында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатын да ай сайын сот өкілдерінің қатысуымен жиын өткізіледі. Жиында орын алған оқиғалар талқыланып, сол оқиғаларды болдырмау бағытындағы іс-шаралардың жоспары құрылады.
Отбасындағы зорлық-зомбылық неден туады? Оған алкоголь, түсініспеушілік, материалдық ахуал әсер етеді. Біз тұрмыстық зорлық-зомбылық орын алмау үшін не істеуіміз керек? Мәселенің салдарымен емес, себебімен күресуді үйренуіміз қажет.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық ерлі-зайыптылардың бірін-бірі түсінбеуінен орын алуы мүмкін. Түсініспеушілік салдарынан ортадағы баланың психологиясы бұзылады. Ал ішімдіктің кесірінен ұрып-соғу, отбасы мүшелерінің намысын аяққа таптау сияқты құқық бұзушылықтар орын алады.
Бірақ бәріне ішімдік кінәлі деуге болмайды. Бұған қоғамның да тікелей қатысы бар. Заңға қайшы әрекет орын алған жағдайда құқық қорғау құрылымдарына шағым түсіруге құлқы соқпай, қорқатындар да жетерлік. Бұл – жауапкершіліктен қашу. Яғни көріп тұрып, айтпау – дұрыс шешім емес.
Егерде сіз кішігірім құқық бұзушылықты көріп, құқық қорғау құрылымдарына хабарлассаңыз, өзге шаңырақты үлкен мәселеден қорғап қалар едіңіз. Аудандық комиссия, құқық қорғау құрылымдары назарға алып, отбасының тату ғұмыр кешуі үшін бар күшін салар еді. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, қоғамдағы тәртіп жіті қадағаланса, мұндай мәселе туындамайды.
Казталов аудандық сотында биылғы жылдың жарты жылдығында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 18 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды.
ӘҚБтК-нің 73-бабы 1-бөлігімен 6 іс қаралды. 5 іс тараптардың татуласуына байланысты медиациямен аяқталды. 1 іс бойынша әкімшілік жазаға тартылушы қамаққа алынды.
ӘҚБтК-нің 73-бабы 2-бөлігімен, яғни, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін, 1 жыл ішінде қайталап жасаған әрекеті үшін 3 тұлға әкімшілік қамаққа алынды.
ӘҚБтК-нің 73-1-бабы 1-бөлігімен, яғни, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру белгісімен жүргізілген 2 іс тараптардың татуласуына байланысты медиациямен аяқталды.
ӘҚБтК-нің 73-2-бабы 1-бөлігімен, яғни, ұрып-соғу белгісімен 5 іс қаралды. 4 іс тараптардың татуласуына байланысты медиациямен аяқталды. 1 іс бойынша әкімшілік жазаға тартылушы қамаққа алынды.
ӘҚБтК-нің 73-2-бабы 2-бөлігімен, яғни, әкімшілік жазаға тартылушы ұрып-соғу әрекетімен әкімшілік жазаға тартылғаннан кейін, 1 жыл ішінде қайталап жасаған әрекеті үшін 1 тұлға әкімшілік қамаққа алынды.
ӘҚБтК-нің 73-2-бабы 3-бөлігімен қаралған бір іс тараптардың татуласуына байланысты медиациямен аяқталды.
Соңғы уақытта қызу талқыға түскен «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң жобасына қатысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында: «Заң жобасы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Бұл орынды. Өзекті мәселелер кеңінен талқылануға тиіс. Оның нормаларын мұқият қарап, барлық пікірді ескерген жөн. Басты міндетіміз – әйелдер мен балалар құқығын қорғау» деп жазды. Бұл мемлекеттің азаматтардың құқығы мен отбасындағы зорлық-зомбылыққа бейжай қарамайтынын білдіреді. Мемлекеттік саясатқа қоғам да үн қосып, отбасындағы ажырасуға жол бермеу керек.
Дамиля Ажғалиева,
Казталов аудандық сотының бас маманы,
сот мәжілісінің хатшысы
Сурет:google.com