5.02.2021, 9:29
Оқылды: 45

Өткен күн өрнектері

Жерлесіміз Әнес Тәшпенов – 27 жасында қолына қару алып, көппен бірге майданға аттанған ерлердің бірі. Өмірдің ащы-тұщысын ерте көріп, қиындыққа мойымай өскен қайсар ұл шайқастарда тапқырлығы мен ептілігін айқын көрсете білді.

Ташпенов Анес.Өнегелі өмір иесі мақаласына

Ол 1942 жылдың 1 тамызында лейтенант шенінде ұрыс даласына кіріп, барлау взводының командирі болған. Сол жылы Ленинградты азат ету кезінде ауыр жарақат алып, госпитальға түседі. Осы шайқаста көрсеткен ерлігі үшін кеудесіне «Қызыл Жұлдыз» орденін таққан. Одан кейін де бірнеше кескілескен қанды қырғынның бел ортасында болып, 1945 жылдың 5 желтоқсанында елге оралады.

1946 жылы Әнес Оқапұлы Жаңақала аудандық мәдени-ағарту бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалып, өңірдің өнерін өрге бастыруға білек сыбана кіріседі. Басқасын айтпағанда, жаңақалалық өнерпаздардың сол жылдары Алматы қаласынан жүлделі оралулары көп жайды  аңғартса керек. Майдангер одан кейінгі жылдары әр түрлі салада абыройлы қызмет атқарды. 1961-1969 жылдары Жаңақала ауданы бойынша орман қорғаушысы, мемлекеттік аң аулау инспекторы болған. Осы қызметте жүрген кезінде оған даңқты жазушы Михаил Шолоховпен кездесіп, дәмдес болу бақыты бұйырады. Саятшылықты сүйетін жазушы Қамыс-Самар көлі мен Сарыөзен және Қараөзен бойындағы қалың тоғайлардан аң-құсты бірге аулаған Әнес атамыздың мергендігіне, төзімділігі мен қайсарлығына қайран қалған. Жазушы ауылға келген әр сапарында онымен жүздесуге асық болған. Сол жылдардағы кейбір қызықты оқиғалар Ғапар Рамазановтың «Біздің Шолохов» кітабында әсерлі жазылған.

1970 жылы Көктерек ауылына қоныс аударған Әнес атамыз бен Дина әжеміздің бауырынан төрт ұл мен төрт қыз өсіп-өнгенін де айта кеткен артық болмас. Олар ұрпақтарын адалдыққа, адамгершілікке, еңбекқорлыққа баулып, тәлімді тәрбие бере білді және бәрі де өнерге жақын болды. Бүгінде атасының күйшілігі, әжесінің әншілігі немере-жиендері Нұрлы, Думан, Дәурен, Жадыра және Мұхитқа дарып, киелі өнер өз жалғасын тауып отыр.

Иә, өткенсіз бүгін жоқ. Ал бүгінгі өміріміз – кешегінің жалғасы.

 

Ақмарал Әдиетова,

Көктерек тарихи-өлкетану музейінің экскурсоводы,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале