Бүгін ардагерлер үйінде Жәнібек аудандық тарихи-өлкетану музейі "Көне кітаптар мен қолжазбалар, фотосуреттерді жинау" жобасын халыққа кеңінен таныстырып, ортақ іске жұмылдыру мақсатында жиын өткізді.
Бұл жоба ұлт тарихын түгендеуге, өткенімізді ұмыт қалдырмай, ұрпаққа жеткізуге арналған ізгілікті бастама. Кез келген шаңырақта сақталған көне кітаптар мен қолжазбалар, ата-бабамыздан қалған құнды құжаттар мен фотосуреттер – болашаққа сыр шертетін баға жетпес қазына, - деді жиынды ашқан аудандық музей бөлімінің меңгерушісі Гүлназ Бақытжанова. Жиын барысында жоба ережесі таныстырылып, оның негізгі міндеттері атап өтілді. Атап айтқанда, көне жәдігерлерді іздестіру, ғылыми сипаттама жасап, цифрландыру, электрондық база құру, сондай-ақ қоғам арасында кеңінен насихаттау жұмыстары жоспарланған.
Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев сөз алып, жобаға өз қолдауын білдірді:
– Әрбір үйдің төрінде сақталған көне кітап не құжат – тек бір әулеттің ғана емес, тұтас халықтың тарихының бөлшегі. Оларды музей қорына тапсыру арқылы біз ұрпағымызға асыл мұрамызды аманаттаймыз. Бұл тарих алдындағы үлкен жауапкершілігіміз. Сондықтан әрбір тұрғын осы іске үлес қосса, болашағымыз үшін баға жетпес қызмет болар еді, – деді ол.
Музей ұжымы аудан тұрғындарын жобаға атсалысуға шақырып: "Әрбір ұсынылған жәдігер – болашақ ұрпақ үшін баға жетпес қазына!" деген ойды алға тартты.
Өткенін қадірлеген елдің болашағы баянды болмақ. Ендеше, тарихымызды бірге түгендеп, бабалар аманатын бірге дәріптейік!
Бану Самат,
Жәнібек ауданы