29.11.2024, 10:45
Оқылды: 173

Отшашумен ойнап, опынып қалмау үшін нені білген жөн?

Жыл сайын жаңажылдық мерекелер басталмай жатып-ақ көшелерде, аулаларда сартылдаған, тарс-тұрс еткен петарда, отшашумен ойнаған балаларды көреміз. Ерекше әсер беретін, шашыраған шамшырағы әдемі көрінетін осы бір кішкене құрылғының зиянды жақтарын біле бермейтініміз де рас қой. Сондай-ақ, жаңа жыл десе ең бірінші жаңажылдық мерекенің атрибуты осы ма деген ойда қаласың. Балалар түгілі үлкендерің де салют атып, айнала шулатып жүргені.

IMG_3403

Сурет: pixabay.com

Жақында дүкенде мынадай жағдай болып қалды. Әжесі мен немересі Қытайдан келетін ойыншықтардың қасындағы үлкен жәшікті айналшықтап біраз жүрді. Байқалып тұр, әжесі немересін ойыншықтарға, әдемі кітаптарға қарай сүйрелесе, 5-6 жас шамасындағы немересі оны кері қарай петарда, отшашулар салынған жәшіктерге қарай ыңғайлайды. Бірін-бірі әрі-бері сүйрелеп жүріп, екеуі бәрі бір сол петардаларға бас тіреді. «Әже мен енді үлкенмін, маған машинкалар қызық емес, әперсең осыны әперіңіз»- деп бала да табан тіреп тұрып алды.

Немере десе барын беретін әже байғұс немересі саусағын шошайтып көрсеткен тауар қасында немересіне тәтпіштеп біраз тұрды. Әрине, отшашудың қауіптілігін айтып тұрған болар. Әйтсе де тәтті қылығы жеңген болар, бала қолына бірден оншақты петарданы құлаштай ұстап, бет- жүзі бал-бұл жайнап әжесін кассаға қарай ерте берді. Сырт көзбен қарағанда «онда тұрған не бар» деуге болады. Әйтсе де әжесінің көңілі алай-дүлей боп тұрғандай сезілді. Қайтсін енді, сатып әперіп тұрған тауары балаға қауіпті әрі зиян екендігін біледі. Біле тұра өз қолымен алып беріп тұр. Бәрімізде кассаға қарай жақындағанда өзін кінәлі сезінгендей ыңғайсызданып тұрды да кейуана айта бастады. «Қайтейін, сонша айтып түсіндіріп көрдім. Петарда дегенің пәле зат. Денсаулыққа зияны көп, басқа бірдеңе алайық десем болмай тұр, қайтейін деп... » ақшасын төлеп тұр.

Сол жерде тұрғандардың көпшілігі әйел адамдар екен. Касса маңда осы петарда туралы сөз басталып барлығы да отшашудың зиянын, түнімен тарсылдаған, гүрсілдеген дыбыстардан ұйықтай алмай шаршағандарын, осы заттарды неге сатылымға шығарады деп біршама  көңілдеріндегі алаңдаушылықтарын айтты.

Бірақ өкінішке орай, тауар алушылар тарапынан естілген пікірлерге дүкен иесі де басқа да қызметкерлері естімегендей сыңай танытты. Әрине, жаңа жыл алдында тым-тәуір сатылатын тауарға жататын болғандықтан, кәсіпкер өз қалтасының қомақтылығын ойлайды.

Иә, бұл петарда, отшашу дегеннің мұхит асып келген түрлері біздің отандық тауарларды ысырып қойып, сауда сөрелерінен мықтап орын алды емес пе? Әрі арзан, әрі қолжетімді түрлері қай кәсіпкерге өтімді тауар ретінде «сенімге кіргелі» қашан. Енді міне, жаңа жыл мерекесі қарсаңында бұл тауардың сан алуаны сұранысқа ие болып және көптігімен көзге түсері анық. Десек те зиянды және балаларға өте қауіпті зат туралы  толық айта кетуді жөн көрдік.

Петарда дегеніміз – пиротехникалық зат, оны негізі сигналды снаряд деп те атайды. Бұрынғы кезде оны пойыз тоқтатуға, немесе бір қауіпті жағдайларда хабар беру үшін пайдаланған, ал ендігі уақытта оны мерекелік көңіл-күй көтеруге көптеп алып жүр. Әйтсе де зияндылығы соншалықты, балаларға да үлкенге де көтеріңкі көңілден бұрын жарақат пен психологиялық күйзеліс әкелетінін де біліп жүрміз.

Отшашуға толы мерекеден соң, әсіресе жаңажылдық шаралардан кейін ауруханаға түсетіндердің дені осы отшашу, петардадан зиян тартқандар болады екен. Әсіресе ірі қалаларда, үйлер жақын орналасқандықтан болар нағыз бір келеңсіздік тудыратын кезең деп айтылып жүр.

Қауіпсіздік шаралары сақталмай қалғанда, тіпті соңы қайғылы жағдайларға алып кететін оқиғалар тіркеледі.

Кішкене петардалардың соққы әсері оның снарядына орай азырақ болса, ал көлемдірегінде соққысы да дауысы да күштірек болмақ. Адамға немесе, жан-жануарға тигізер зияны да отшашудың көлеміне байланысты. Петардаларды қолдану жөніндегі нұсқаулықтарда осы пиротехникалық зарядтарды қалай пайдалануы жөнінде жазылған. Алайда дүкендерде балалардың жасына қарамай оны сата беретіні рас қой. Тіпті әріп танымайтын, оқу білмейтін балаға дейін сатып ала алады. Оны қора жанында, үй алдында, немесе спорт алаңда тығылып жүріп пайдаланады. Нәтижесінде қауіпатердің  дәрежесі ұлғаяды.

Шөбі үйілген мал қора жанында оны өртке ораған оқиғалар, балалар үймелеп, үңіліп тұрып жарған кезде көзге зиян келтірген оқиғалар көп. Ал сыртқа шыққан сәбидің, қалт-құлт етіп жүрген қарияның да петарда дауысынан шошып стресс алу фактілері жиі кездесіп отыр. Демек, отбасымызда, айналамызда айта жүрейік, балаларымызды қорғай білейік.

Айсұлу Арыстанова

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале