Жәнібек ауданы әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Асхат Молдағалиевтің төрағалығымен 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай жиын өтті. Шараға аудандық мәслихат хатшысы Тахир Қадимов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар Қошанова қатысты.
Басқосуда Асхат Хамитұлы жиналғандарды мерекемен құттықтап, Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тілге тиек етіп, отыз жылдан астам еңбек еткен азаматтар мен азаматшаларға, пандемия кезінде халыққа көмек көрсеткен ұжымдарға алғыс білдірді.
Сонымен қатар аудан әкімі Азамат Сафималиевтің атынан алғыс хат табыстады. Дәлірек айтсақ, қырық жылдан астам уақыт автокөлік жүргізуші болған Ислам Әміров, отыз бес жыл тәрбиеші болған Гүлара Темірәлиева, әлеуметтік салада тер төккен Римма Халенова, кәсіпкерлікке үлес қосқан Наталья Сажина, сондай-ақ әлем халқының үрейін алған пандемияда тұрғындарға медициналық көмек көрсеткен аудандық орталық аурухананың басшысы Сәуле Исмағұлова мен ұжымға және қашықтан тұрғындардың мәдени-ағартушылық танымын арттыру жолында еңбек еткені үшін аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшысы Светлана Джукина мен кітапхана ұжымы марапатталды.
Өз кезегінде шараға қатысушылар өз естеліктерімен бөлісіп, аудан басшыларына, тұрғындарға алғыстарын айтты.
Г.Мәди,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz