Халыққа қызмет ететін адам қашанда адал әрі әділ, өз жұмысына деген жауапкершілігі мол, қоғам мен азаматтардың сеніміне ие болуы тиіс. Бұл мемлекеттік құрылымда еңбек ететін қызметкердің міндеті. Аудандық мансап орталығының құрылымдық бөлімшесінің басшысы Гүлбану Алдамжарова осынау міндетті ойдағыдай атқарып келеді.
Еңбек жолын 1984 жылы Тайпақ ауданының Калмыков ауылындағы Қос-Жүген суару жүйесінде техник болып бастаған ол содан соң Жаңақала ауданы статистика бөлімінде экономист, маман болып қызмет етті. 2003 жылдан бастап Бәйтерек ауданында, әлеуметтік салада қызмет атқарып келеді.
Гүлбану Төлепқалиқызы жұмыс барысында қызметтің тиімділігін арттыруға көп мән береді. Сол себепті әріптестерін осыған үнемі бағыттап отырады. Ол кісінің тәлімін алғандар уақтылы шешім қабылдауға, жауапкершілікті өзіне алуға қабілетті болып келеді. Сондай-ақ қызметке жаңадан тағайындалған жас мамандарға өзін-өзі іске қосудың тетіктерін меңгерту, өз жұмысына баға беруге баулу, тұлғаның жекелік қасиеттерінің дамуына көмектесіп отырады. Өзі жұмыспен тұрақты және нәтижелі қамтуды ұйымдастыру, жұмыссыздық деңгейін төмендету және жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеу арқылы халықтың әл-ауқатын арттыруға жәрдемдесу мақсатында жұмыс берушілерден бос жұмыс орындарын жинау, жергілікті еңбек нарығын талдау және болжаулар жүргізу бағытында жұмыстарды тұрақты жүргізіп келеді. Әріптесіміз зейнеткерлік жасқа жетсе де өзіне жүктелген міндеттерді қашан да сапалы орындайды.
Кәсіби біліктілігінің нәтижесінде ол еліміздің тұңғыш президентінің, облыс, аудан басшылығының, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының, БҚО мемлекеттік мекемелер қызметкерлері салалық кәсіподағының Құрмет грамотасымен, Алғыс хаттарымен және «Әлеуметтік – еңбек саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
«Ана –үйдің берекесі, бала-үйдің мерекесі» деген ғибратты сөз бар. Сол айтпақшы, Гүлбану Төлепқалиқызы білікті маман ғана емес, ең бастысы үйдің де, түздің де шаруасын бір кісідей дөңгелетіп жүрген аяулы ана, отбасының ұйытқысы. Отағасымен үш бала тәрбиелеп өсіріп, бүгінде немере сүйіп, олардың бал күлкісі мен шаттығына кенеліп отырған Гүлбану Төлепқалиқызының деніне саулық, қызметіне табыс, отбасының амандығын тілейміз!
Гүлжан Кужиева,
аудандық мансап орталығының маманы