18.06.2021, 16:50
Оқылды: 56

Өз орнын тапқан адам

Әр кезде де мемлекеттің өркендеуі, халықтың әл-ауқатының артуы, қоғамның кез-келген саласының дамуы – бірінші кезекте мемлекеттік қызметшінің еңбегіне тікелей байланысты. Осы ретте мемлекеттік қызметті тандаған адамның бойында аса жоғары жауапкершілік, отансүйгіштік қасиет пен елге деген жанашырлық, адамгершілік ұстанымы зор болуы тиіс. Міне, сондай өз ісінің білгір маманы ретінде Ағиба Дюсембаеваны айтар едік.

агиба11

Өз орынын тауып, «кірпіш болып қаланған» Ағиба Дюсембаева Теректінің тумасы. Бұрын Долин совхозы деп аталған шаруашылық құрылымының орталығы Төңкеріс ауылында дүниеге келген.

Оқу іздеп, Алматы асқан жас қыз бухгалтер мамандығын меңгеріп, туған жеріне оралды. Алғашында банкте жұмыс жасады.

2005 жылы Теректі ауданының Долин ауылдық округі әкімі аппаратына мемлекеттік қызметке келген Ағиба Мұхамбетрахымқызы бір жерде табан аудармастан жұмыс жасап келеді. Біліктілігін арттырып, тәжірибе жинақтаған оның 2010 жылы қызметі жоғарылады. Қазіргі таңда Долин селолық округі аппаратының бас маманы (есепші) болып жұмыс атқаруда.

Жалпы, ол отыз жылдан астам мемлекеттік қызметте жүрген жан. Яғни, тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік қызметкерлерінің алғашқы қарылғаштары қатарынан.

Мың жарымнан астам халқы бар округтің басқару органы – әкім аппаратының есеп-қисабын атқару оңай емес. Бюджеттік қаржыны игеру аса мұқияттылық пен жауапкершілікті қажет етеді.

- Ағиба Мұхамбетрахымқызы – мемлекеттік қызметкердің этикалық талаптарына сай жұмыс жасауға әбден төселген маман. Өзінің жұмысы мен қызметтік міндеттеріне ұқыпты. Долин ауылдық округі аумағындағы тұрғындар ол кісіні жақсы таниды. Өз ортасына, әріптестері арасында сыйлы адам. Білгенімен бөлісуге дайын тұрады. Әсіресе, жас мамандарды үйретіп-тәрбиелеуге барын салады. Мен ол кісіні осындай көмекке дайын тұратын адамгершілігі үшін сыйлаймын. Әрине, маман ретінде де жоғары бағалаймын, - дейді Долин ауылдық округінің әкімі Талғат Манатауов.

Мемлекеттік қызметтің ауыр жүгін абыроймен көтеріп келе жатқан Ағиба  Мұхамбетрахымқызы отанасы ретінде де өз міндетін адал атқарды. Екі қызын өсіріп, қатарға қосқан ол қазір немере қызығын көруде.

Әрқашан сыпайы, жылы жүзбен қарайтын Ағиба Дюсембаева – мемлекеттік қызметкердің жағымды бейнесіне үлгі болар жан.

 

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале