Қазақ десем өзіме тиеді, дегенмен қазіргі қазақ еріншек екені белгілі жағдай. Бағарға мал, суарарға тал-шыбығы жоқ, баланың ризығы үшін деп берілген атаулы әлеуметтік көмекті «кертіп» жеп отырған жұмыссыз ағайын соңғы кездері дүр сілкініп, өре түргелгендей. Бала несібесін пайда қылып отырғандарына намыстанғаннан сілкініп жатқан жоқ, төтенше жағдайда демеу болсын деп беріліп жатқан 42 500 теңгеден құр қалмау үшін жанталасып жатырмыз. Көпке топырақ шашпай-ақ қояйын, шын мұқтаждар да баршылық. Дегенмен «жұмыс жоқ» деп үйде отырған ағаларымыз екі қолға бір күрек іздеп шаршамайды да. «Ауыз берген Алла азығын берер» деп үйдің көлеңкесінен ұзамаймыз, әйтеуір.
Бұл күнде «жатыпішерлік» десе қазақтың анықтауышы, «еңбекқорлық» десе өз-ағамның айқындауышы болғаны рас. Жергілікті кәсіпкерлер де құрылыс жұмысына ауылдас ағайынды емес, ала шапанды көршімізді шақыруда.
Неге? Жауап біреу. «Ауылдастың әңгімесі көп. Бір күн құрдасының туған күніне сұранса, екіншіде Бисендегі бөлесінің, Қаратөбедегі құдасының қонақтығы, Жаңақаладағы жолдасының садақасына деп сұрана береді. Бір күнге кетіп, үш күннен кейін келеді. Ақшасын алғаннан кейін «Алла акбар» жоқ. Өзбекті жалдасаң, әңгіме басқа. Қылтың-сылтың жоқ» дейді.
Сол өзбек күнелтісі үшін шекара асып, шалғайдағы Бөкей ордасына кеп, жұмыс жасап жүр. Жұмысты да, жағдайды таңдаймайды. Ақшасы төленетін кез келген жұмыстан қашпау – өзбек ағайынның қасиеті іспеттес. Бұл біздің асыра мақтап, өз-ағамды артық көріп, өз қазағымды кем көргенімізден емес.
Таратып айтайық. Қызмет барысында ашық әкімдік, әкімнің жеке қабылдауларына нақ осы жұмыс мәселесімен келушілер көп. Сол келушілер арасында «Қоғамдық жұмыстарға жарамаймын. Қан қысымым бар. Бауырым ауырады. Маған болса, оператор не күзетшінің жұмысы болса, жақсы болар еді» дейтіндер. Операторлық жұмыс та мерзімдік жұмыс. Бірақ орын шектеулі екенін ескеруіміз керек. Әсірелеп айтқаным болмас, қазіргі таңда екі үйге бір оператордан келеді. «Саған қолайлысы операторлық жұмыс болса, кірісе қой» дейтіндей бос орын жоқ екені де белгілі.
– 2018 жылы аудан бойынша 354 жұмыссыз ер адам тіркелсе, соның сегізі Үкімет ұсынған жұмыстан бас тартқан екен. Ал 2019 жылы 392 ер азаматы тіркеуге алынса, жеті жерлесіміз арыз жазып, ұсынған жұмысқа шықпай отыр, - дейді аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Медет Әнесов.
Әрине, Үкімет ұсынған жұмыстың жалақысын азсынатын шығар. Шаруа қожалықтарындағы жұмысты қиынсынатын шығар. Бірақ тер төкпей, табыс бар ма?
Сайқындық кәсіпкер Мәрия Жақсығұлова «100 мың теңге айлыққа дүкеніне сатушы таба алмадым. Тіпті 20 мыңды сыйақы ретінде қосып төлеймін» деп отыр.
Шаруа қожалықтарының басшылары да науқандық жұмыстарға 100 мың теңгеге жұмысшы, тракторист таба алмайтындарын айтады.
Қожалық қожайыны Марал Әбуов жүз мыңына елу мыңды қосып та көрген. Тек теңгемен есеп айырыспай, шөбін де бермекші болған. Шаммен іздесе де таба алмапты. Трактордың тілін біледі дегендердің өзі «Алайда аспан жерге түсіп тұрған кезде трактордың тар кабинасында жанталасып не қыламын? Өлмеспіз» деседі.
Төлқұжат алмай тұрып, трактор құлағында ойнап, ес жиған ағаларымыз аттап басып, әрекет қылсам, атаулы көмектен қағылып қаламыз дейтіндер көп екен.
Атаулы әлеуметтік көмек демекші, өткен жылы осы көмектің «жырын» бір кісідей «жырладық». Аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Исатай Оз:
–Атаулы көмек сізге тиесілі. Төрт балаңызға, жұбайыңыз екеуіңе адам басына шаққанда осыншама сома шығады екен. Атаулы әлеуметтік көмектің шартты, шартсыз деген түрі бар. Шартты түрінде жұмыспен қабілетті азамат, яғни анасы не сіз біз жіберген жұмысқа тұрып, жұмыс жасауыңыз керек» деп түсінік берсе, «бірден анасы екеуімізге тиесілісін алып тастаңыз да, төрт баланың ақшасын ғана қалдырыңыз» деп нұсқау беретіндер бар,- дейді.
Сол АӘК-тен қағылып қалмау үшін артық тер төкпей, иек астындағы көп жұмыстан қағылғандары анық. Көп алысқа бармай, құрылысты айтайық. Өткен жылы әлеуметтік осал топтарға арналып салынған үйлерінің ішкі жөндеу жұмыстарын жүргізген азаматтардың 80% келіп жұмыс жасағандар. Тіпті арнайы фирмадан келген мамандар емес, көршілес аудандардың қарапайым жігіттері.
Дәл бүгінде, аудан орталығында жеке кәсіпкер жоспарлаған үлкен құрылыс басында жүрген жергілікті жердің шеберлері емес. Өзбектер.
Осы орайда құрылыс басында жүрген бригада басшысы Шерзат Аллабергановты сөзге тарттым.
– Жалпы құрылыс саласына келгеніңізге қанша жыл болды? Қашаннан бері көшпелі үрдіспен еңбек етіп жүрсіз?
– Шатыспасам, 12 жылдай болды. Өзбекстанда әлеуметтік жағдай қиын. Бала кезден жоқшылық көріп өстім. Жанұямызда алты ұл, бір қыз баламыз. Әкеміз өмірден ерте озды. Сол жоқшылықтың кесірінен оқушы кезден бастап жұмыс жасайтынбыз. Демалыс басталысымен мақта тереміз. Дегенмен жалақысы өте төмен еді, бірақ амал жоқтан жұмыс жасайсың ғой енді. Сіз түсіну үшін, қазіргі ақша құнына аударатын болсақ бір келі мақтаға 40 теңгедей төйлейтін еді. Ал мақтаның салмағын өндіріп болмайсың. Мектеп бітірген кезімде Мәскеуге барып құрылыс басында жұмыс жасауға мүмкіндік туды. Көп ойланбастан Ресей елінің астанасына бет алдым. Сол кезден де бірнеше уақыт өтті. Басында жай көмекші болсам, қазір бригадирмін.
– Құрылыс саласы қаншалықты пайдалы? Ең қиын және ең жалақысы мол жұмысыңызды айтып бере аласыз ба?
– Енді қолмен істеген еңбек әрдайым бағаланады деген ойдамын. Ең көп тапқан ақшам 11800 АҚШ доллары болатын. Осы ақшаны төрт айда таптым. Ол кезде Мәскеудің жанында орналасқан Сергиев Посад қаласында жұмыстанған болатынбыз. Ескі христиан шіркеуінде жертөле қабатын жаңадан қаздық. Тарихи маңызы бар ғимарат болғасын жерде жалақысы да жақсы болды. Құрылысшы ретінде алғаш жұмысым болғасын жерде және мойнымызға артылған жүктің маңыздылығын түсінген соң ба, жұмыс қиын соққан шығар. Дегенмен қысқа мерзімнің ішінде жақсы сома құрайтын жалақыға да ие болдым. Содан соң Мәскеудің өзінде де Қазақстанның Атырау, Құлсары деген жерлерінде жұмысты болсам да, ондай көп ақша таппағам.
– Әрине, адал еңбекпен ақша тапқан жақсы ғой. Дегенмен Отаныңды, жанұяңды сағынбайсыңыз ба?
– Әрине, сағынасың. Қазір екі ұлым бар. Үлкені 10-да болса, кішісі бес жаста. Сол қаңғып жүріп алғашқы күлкісін, бірінші сөзін де естімедім ғой. Кей кезде құрсыншы деп бәрін тастап кеткім келеді. Дегенмен істеп жүрген ісімнің бәрі сол балаларым үшін емес пе? Жай қастарында жүрсем ауамен тоқ болмайды. Соны да түсіну керек қой. Туған жерге де сағыныш та мол. Үйді, елді жарты жылдап көрмейтін кездер болады. Бірақ тірі адам тіршілігін жасау керек деген ойдамын.
– Енді жанұяны ұзақ уақыт бойы көрмеу қиынға түсетін болса, неге өз еліңізде жұмыс жасамайсыз? Біздің елде бар құрылыс сіздің елде де болар? Үкімет АӘК секілді көмек беретін шығар немесе жеке кәсіп ашуға болатын шығар?
– Өзбекстанда жұмыс орны жоқ деп айта алмаймын. Мен тұратын Хорезм облысында экскаватор және автокөлік жинайтын зауыт бар. Оған қоса қанша тігін цехтары орналасқан. Дегенмен ол жерге жұмысқа кірісу өте қиын. Арнайы білім талап етеді, жалақысы да әкетіп бара жатырған жоқ. АӘК секілді көмектер де бар. Алайда үкімет беретін 20000 мыңға (теңгеге аударғанда) не аласың? Адам басына емес, бір жанұяға беріледі бұл сома. Кей отбасыларына ол да жоқ. Ал жеке кәсіпкерлік ол бөлек әңгіме. Үкіметтен тарапынан мүлдем қолдау жоқ. Бизнес жоспарыңмен барсаң 23-28% аралығында несие береді. Ол да ақшалай емес. Мысалыға, азық-түлік дүкенін ашатын болсаң, саған көтерме сауда дүкені арқылы тауар береді. Қолма-қол ақша алып қалаған нәрсені саттыққа қоя алмайсын. Үкімет не ұсынады, соны сатасың. Енді өзің ақша тауып, шетелден алып келсең, салық пайызы өте жоғары. Ал шаруа қожалық ашып, мал өсірем десең жер мәселесіне кезігесің. Бізде қарапайым елге жер берілмейді. Малдың бәрін қорада ұстайсың. Жайылым деген жоқ бізде. Сондықтан шөп мәселесін алдын ала шешіп алғаныңыз жөн. Ол сізде, Қазақстанда оңай ғой. Неше түрлі грант, жер, несие деген нәрселер оңай шешіледі.
– Сонда жанұямды асыраймын деп өмір бойы осылай ел аралап жұмыс жасайсыз ба?
– Неге? Өзімнің жоспарым бойынша өзге елде жұмыстанғаным осы соңғы рет деп ойлап отырмын. Он жылдың ішінде ішпей, жемей тапқан ақшама Өзбекстанда бизнес ашсам деген ойым бар. Қазіргі кезде ғимарат алып қойдым. Оның ішінде кішкентай дүкен, шаштараз және тағы да басқа бизнеске арнайы бөлмелері бар. Осы жұмысымды бітіріп туған жеріме қайтсам деймін. Аз болса да, өз еңбегімнің жемісін көріп, өз-өзіме қожайын болып жүрмеймін бе?- дейді Шерзат.
Шерзаттың айтуынша, өз еңбегі үшін айына 280 000 мың жалақы алады екен.
Қаражат және жұмыс орны туралы Өзбекстан елінің азаматтарына жұмыс беруші, жеке кәсіпкер Бибігүл Жұмағұловамен де сөйлескен едік.
–Алғашқы кезде жергілікті жерден жұмысшылар іздедім. Осы төлеп отырған жалақыны жерлестеріме де төлеуге әзір болдым. Тіпті жергілікті жерден жұмысшылар тапқаным өзіме де жақсы болар еді. Таратып айтсам, азық-түлікпен қамтамасыз ету, құжаттарын ресімдеуге уақытымды, қаржымды жұмсамас едім. Алайда аудан ішінен де облыс орталығынан да таппадым. Біреуінің уақыты болмаса, біреуімен ақша сомасына келісе алмадық. Дегенмен көріп отырғандағыңыздай, Шерзат секілді азаматтарымыз табылды. Қазіргі кезде заң талабына сай барлық құжат ресімделіп, зейнетақы төлеміне дейін төленіп отыр, - дейді жеке кәсіпкер.
Өз-ағамдай Үкіметтен қолдау көрмей, ел кезіп, бала-шағадан алысқа кетіп, жұмыс жасап жатқан жоқпыз. Шүкіршілік. Иә, он жылдан астам ел кезіп, құрылыста тер төккен Шерзат «туған жеріме барып, жеке кәсібімді бастаймын. Ешкімге тәуелсіз болмаймын» дейді. Ал біз тоқсанға берілетін АӘК-тен айырылып қалмау үшін әрекет қылмай, қапысыз отырмыз. Ұят...
Еркебұлан Бисенғалиев
Бөкей ордасы
zhaikpress.kz