«Nur Otan» партиясы Шыңғырлау аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссия отырысы өтті. Отырысқа аудан әкімінің орынбасары Дархан Абдрашитов және «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссия мүшелері, аудандық мекеме дербес бөлім басшылары, арнайы шақыртылған тұлғалар қатысты.
Жиынның басты мәселесі Шыңғырлау ауылының тұрғыны А.Сартовтың өтінішіне сәйкес Шыңғырлау-Ақсай бағытындағы такси қызметінің бағасын түсіру туралы болды.
Осы орайда «Nur Otan» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Азамат Тағаниязов күн тәртібіндегі сұрақтың неліктен отырысқа шығарылғанын баяндаса, өтініш иесі Асанбек Сартов такси бағасына қатысты наразылығын білдірді. Шыңғырлау ауылдық округінің әкімі Әділ Қаражанов Ақсай-Шыңғырлау бағытындағы такси жүргізушілерімен жеке кездесіп, түсіндіру жұмыстары жүргізілгенімен, әйтсе де заң аясында әрекет етуге құзыреті жоқ екенін баяндады. Осы орайда кірістер басқармасының бас маманы Ә.Турумов керісінше арнайы арыз болмаса, тексеруге мораториймен тыйым салынғанын жеткізді. Ал аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары А.Нысанов рейдтік жұмыстар кезінде жолаушылардың такси жүргізушісін танысымыз, туысымыз деп қорғаштауы біздің қолымызды байлайды дейді.
Такси жүргізушісі Анаргүл Жұмағалиева өзінің заң аясында болуға тиісті құжаттардың бар екенін, уақтылы барлық төлемдерді төлеп отырғанын хабарлай келе, такси бағасын 1000 теңгеге дейін түсіруге болатынын айтты.
Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары Дархан Абдрашитов кірістер басқармасы мен полиция бөліміне бұл бағытта жұмыстануды тапсыра отырып, жуық арада арзан бағамен Шыңғырлау-Ақсай газелінің жұмысы жанданатын болады деп хабарлады.
Аман Ізмұхан,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz