27.01.2023, 17:00
Оқылды: 46

Өзекті мәселелер қаралды

Аудан әкімдігінде аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдоловтың төрағалығымен жиын өтіп, оған Жәнібек ауылдық округінің әкімі, кейбір бөлімдер мен мекемелердің басшылары, жеке кәсіпкерлер қатысты. Жиында халық үшін қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге, сондай-ақ аудан орталығындағы қоғамдық көліктердің қатынасына байланысты тарифтерді бекіту туралы мәселелер қаралды.

1

Жақсылық Каримоллаұлының айтуынша, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе. Аудандық мәслихаттың биылғы 17 қаңтардағы №29-4 шешіміне сәйкес аудан бойынша халық үшін қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге арналған тарифтер бір тұрғыннан айына 160 теңге болып бекітілген. Алдағы уақытта әйнек, пластикалық бөтелкелерді, басқа да қалдықтарды бөлек сұрыптау керектігі айтылды. Сонымен қатар тері және жүн қабылдайтын операторлар да шығатын болады. Осыған орай жиынға қатысушылар полигонға баратын жолды жөндеу керектігін, басқа да ұсыныстарын ортаға салды.

2

Аудан орталығында әлеуметтік маңызды бес маршрут бойынша қоғамдық көліктер жүреді. Облыс бойынша ең көп маршрут біздің ауданда екен. Басқа аудандарда, онда да барлығында емес, бір-екі маршрут бойынша қоғамдық көлік жүретін көрінеді. «ЖәнібекСтройСервис» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Марлен Сайхаденов осы уақытқа дейін бес қоғамдық көліктің әрқайсысына 270 мың теңге демеуқаржы (субсидия) алып келген. Сондай-ақ аталған жеке кәсіпкерлік Жәнібек – Орал бағытына да маршрут шығарып, аудан тұрғындарын тасымалдауда. Марлен Мәлікұлының айтуынша, бүгінде жанар-жағармайдың, қосалқы бөлшектер мен дөңгелектердің бағасы қымбат. Техника болған соң бұзылмай тұрмайды. Жиында оған қатысушылар ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Жиын барысында қаралған мәселелерді алдағы уақытта ауыл тұрғындарының жиынына шығарып, көпшілікпен кеңесе отырып шешім қабылдау жөнінде ұйғарылды.

Асхат Есіркепов,

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале