Жаңақала ауданының ауылдық округі әкімдерінің жұртшылықпен жүздесуі түстен кейін С.Меңдешев ауылдық округінде жалғасты. Жиынды ашқан ауылдық округ әкімі Абзал Ахметов жыл ішінде атқарылған жұмыстар мен алдағы атқарар міндеттері туралы баяндады.
- Күн тәртібіндегі мәселе бойынша атқарылған жұмыстарды баршаңыз да жақсы білесіздер, кейінге қалған жұмыстар бар. Сондықтан алда тұрған міндеттеріміз, сіздермен бірге қандай жұмыс атқарамыз, осы жөнінде айтқым келеді. Қазіргі таңда басты міндетіміз қыстан мал басын сақтап, төл алып аман-есен шығу. Қараша, желтоқсан айларында мал азығын ауданнан тыс жерде арзан бағамен халықтың сұранысына байланысты 68 адам тіркеліп, 736 руллон алып үйлестірдік. Оған аудандық бюджеттен 4089,760 теңге қаржы қаралды. Өзекті мәселелердің бірі – ауыл маңындағы мал жайлымен кеңейту. С.Меңдешев ауылдық округінің жалпы көлемі – 82192 га құрайды. Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2021 жылғы 19 наурыздағы №48 және Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2021 жылғы 19 наурыздағы №3-8 бірлескен қаулысы мен шешімі негізінде бұрынғы Балғын, Карташов елді мекендерінің жерін С.Меңдешев ауылдық округіне қарасты елді мекен жеріне қосуға ұсыныстар берілді. Аталған жоба негізінде шамамен 13 374 га жер учаскесін қосуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ ауылымызда мәдениет үйі, мектепті күрделі жөндеу жұмыстары, 5 км кірме жолы – ең өзекті мәселе, - дейді ол.
- Жылдың аяғында кірме жолдарға байланысты жобалық-сметалық құжаттар жасақталып, сараптамадан өтіп, қазір бюджеттік өтілімге ұсынылды. Бұл облыстан емес, республикадан шешілетін мәселе. Осыған байланысты біз төрт ауылдың, яғни Көпжасар, С.Меңдешев, Пятимар ауылдарының жолын және Жаңақала ауылының кіреберісінің кірме жолын енгіздік. Жаңақала мен С.Меңдешев ауылдарының жолы биыл қаралады деп айтқан жоқ. Қаражат қаралса, келесі жылға деп жоспарланды. Алайда біз төрт ауылдың да құжатын ұсындық. Мәдениет үйі де ең өзекті мәселе. Бұның да құжаттары өткен жылы жасақталған болатын. Бірақ сараптамадан өтпеуіне байланысты биылғы жылға енбей қалды. Қаңтар айында ауыл адамдарымен жиналып, жиын өткізіп, ортақ мәмілеге келіп, хаттама ұсынылды. Сараптамадан өтуде. Бұл жұмыс аяқталған соң, облыстан қаражат сұраймыз, - деді аудан басшысы Дархан Әмірханұлы. Өз кезегінде ауыл тұрғындары да сала басшыларына сауалдарын қойып, өтініштерін жолдады.
Жаннұр Берікқызы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz