Бүгін Жаңақала ауданының әкімі Алпамыс Көшкінбаевтың төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, мәслихат төрағасы, округ әкімдері мен мекеме басшылары қатысты.
Аталмыш шараның күн тәртібінде Жаңақала ауданы бойынша міндетті әлеуметтік сақтандыруды іске асыру барысы, аудандағы қызылша жұқпасының туындауының алдын алу шаралары, сондай-ақ 2024 жылдың І жартыжылдығына мерзімді баспасөзге жазылу сынды өзекті мәселелер талқыланды.
Бірінші мәселе бойынша аудандық орталық ауруханасының басшысы Ербол Сәрсенғалиев МӘМС (міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру) жүйесінде сақтандырылған адамдар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру ұсынатын медициналық көмектің кеңейтілген спектріне ие болатынын айта келіп, МӘМС-дың қамтитын медициналық қызметтеріне тоқталды. Олар: профилактикалық медициналық тексерулер; учаскелік дәрігердің нұсқауы бойынша арнайы маманданған дәрігердің қабылдауы және кеңес беруі; созылмалы дертке шалдыққан жандардың бейінді мамандардың бақылауында болуы; уәкілетті орган бекіткен тізбе бойынша халықтың жекелеген санаттарына шұғыл және жоспарлы нысанда стоматологиялық көмек көрсету; халықтың белгілі бір категориясына шұғыл және жоспарлы түрде стоматологиялық көмек көрсету; диагностикалық қызметтер, оның ішінде лабораториялық диагностика (УЗИ, рентген, КТ, МРТ); мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялы, стационарлық медициналық көмек; медициналық оңалту және стационарда мамандандырылған медициналық көмек көрсету кезінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету. 21665 халқы бар Жаңақала ауданы бойынша сақтандырылмаған тұрғындар саны бүгінде 3086-ны, яғни 15 пайызды құрап отыр. Оның себебін аурухана басшысы шаруа қожалықтарында еңбек етіп жүрген жұмысшыларға қожалық иелерінің медициналық сақтандыру төлемін тұрақты аудармайтындығымен байланыстырды.
Екінші мәселе негізінде сөз алған Жаңақала аудандық санитариялық–эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы м.у.а Светлана Иманғалиева қызылша ауруының ауа – тамшылы жолмен беріліп, ағымның циклдігімен, интоксикация синдромдарымен, катаральды қабынумен және экзантемамен сипатталатын өте жұқпалы вирустық инфекция екенін жіті түсіндірді. Облысымыздың Жәнібек, Бөкейорда, Жаңақала аудандарында ғана аталмыш ауру ошағы тіркелмеген. Қызылшамен тіркелген науқастардың басым бөлігі 0-4 жас аралығына тиесілі екен. Ауданымыз бойынша жаппай иммундау мақсатында қызылша ауруына қарсы екпе алуға тиісті 6-10 ай аралығындағы 150 бала болса, соның 64-і ғана екпе алған. Ал қалған 86 балаға екпе жасауға қарсылық танытқандардың дені дін жолындағы ата-аналар екенін айта кетті.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азат Мұқанов газет – қоғам жаршысы, ауданымыздың тыныс-тіршілігінен хабардар етіп отыратын бірден-бір ақпарат көзі екендігін айтып өтіп, баспасөзге жазылу науқанына белсенділік танытуға шақырды. Мұны аудандық «Жаңарған өңір» газетінің директор-редакторы Зара Жардемова да қолдап, ауыл әкімдеріне өз округтарына қарасты шаруа қожалық басшыларының әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға демеушілік танытып, аудандық басылымға жаздыртуға ұсыныс білдірді. Бүгінгі кеңесте жаоғарыда аталған мәселелерден де бөлек өзге де жұмыстар тілге тиек етіліп, жиын қорытындыланды.
Айзада Ақбасова,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz