17.07.2020, 9:57
Оқылды: 882

Өзге елден бақыт іздеп, қазақ қызы қайда барасың?

Қазақ қыздарынан батыр мен дана да, хан мен қара да өмірге келген. Халқымыз ұл баланы ертеңгі абыройлы әке, қадірлі отағасы, елді қорғайтын батыр ретінде тәрбиелесе, қыз баланы үй шаруасына икемділікке, ісмерлікке, тазалыққа, өз бойын күту мен ибалылыққа баулыған. Ата-баба салтында қазақ қызды қонақ деп төрге отырғызып, құрметтің зорын көрсеткен. Бұл бұрын... Қазір заман басқа. Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Дегенмен кейбір қыздарымыз «қыз жат жұрттық» деген ұғымды тура мағынасында қабылдап, түзу жолдан адасып жүргендей көрінеді. Жанымызды жабырқататыны, көңілімізді қынжылтатыны қаракөздеріміздің діні бөлек, ұлты басқа азаматтардың етегін ұстауы боп тұр.

4440938D-0304-44E4-A033-C79726AE7AFF

Қазақтың бір қызы шетел азаматына күйеуге шықты деген хабарды естісек, тіпті таңғалмайтын болдық. Соңғы кезде ұлттық намыстан гөрі жеке басының мүддесін һәм махаббатын биік қоятын бойжеткендеріміз түрік пен орысты былай қойып, африкалықтарға да «адал жар» болуда.  Біздің елде де аралас некенің дәурені жүріп тұр, әйтеуір. Қыздарымыз өзге ұлттың етегінен ұстау арқылы қазақтың намысын таптап бара жатқандай. Бүгінде мұндай некелер қазақтардың арасында жиі көрініс беріп жүргені жасырын емес. Өткен жылы әлеуметтік желі бетінен бір шаңырақтың 2 қызы Қытай азаматына ұзатылғанын көріп, жағамызды ұстаған едік. Ал жақында атыраулық азаматшаның қара нәсілді жігіттің қалыңдығы болғаны қалың жұрттың есінде.

«Венгриялық жігітпен бақыттымын»

Өзге облыс, қала емес, Жаңақалада да өзге нәсілдің етегінен ұстап кеткен қыздарымыз бар. Мәселен, Мәдина Байболсынова (аты-жөні өзгертілген) Венгрия елінің азаматымен бірге Англияның Манчестер қаласында бақытты ғұмыр кешуде. Мақаланы жазу барысында Мәдинамен әлеуметтік желі арқылы сөйлескен болатынбыз.

- Шетелдік азаматқа тұрмысқа шығарда ата-анам қарсылық білдірген жоқ. Бұл таңдауыма еш өкінген емеспін. Қазіргі жолдасыммен Қазақстанда, бір жұмыс орнында таныстық. Содан тіл табысып, арамызда сезім пайда болды. Ол маған деген махаббатын сөзбен емес, іспен дәлелдеді. Не керек, сөзіміз жарасып жанұя құрдық. Биыл шаңырақ көтергенімізге 6 жыл. Бір баламыз бар. Бөтен ел болғасын ба, басында Англияға үйрену қиын болды. Бірақ соңынан үйреніп кеттім. Бұл жақтың адамдары өте қарапайым. Дамыған мемлекет. Отбасылық өмірімізде ешқандай қиындық жоқ,-дейді кейіпкеріміз Мәдина. Басқа да шетел азаматтарына күйеуге шыққан жерлестерімізге хабарласқанымызда, олар сұхбат беруден бас тартты.

557F9F48-395F-40ED-AAA3-D328E1287285

Намысың қайда қазақ қызы?

Шет елдерге қарасақ, Түркияда шетел азаматтарының түрік қыздарымен танысуына тыйым салынған. Ал арабтар өзге ұлттарға қыздарын бермейді. Көршілес Түрікменстанда да сол елдің қызын алу үшін бірінші азаматтығын қабылдап, Үкіметке 150 мың АҚШ долларын, яғни салық төлеуің қажет. Ал бізде ше? Қыздарымыз теп-тегін. Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатыр. Түрікке шықса «Е, әйтеуір мұсылман ғой, бауырлас халық қой» деп бейжай қараймыз. Ал Америка мен Еуропа мемлекеттеріне кеткен қыздарымыз қаншама?! Бұдан бөлек, қытайға әйел болған қазақ қыздарының саны да жыл санап артуда. Бұл алаңдатарлық мәселе. Айдың күні аманда көрінген көк атты келіп, қаракөз қыздарымызды жар ете берсе, еліміздің болашағы не болмақ? Ресми түрде некелерін қидырмаса да, уақытша жұмыс істеуге келген өзбек, орыс, қытай азаматтарының қолтығында бір-бірден қазақ қыздарының жүруі не сұмдық? «Ауылдағының аузы сасық» дегендей, қара жұмыс істеп жүрсе де, шетелдіктерді «әулие» көретін қазақ қыздары ақымақ па, әлде ашықауыз ба? Қыздарға тосқауыл болмаса, аралас неке осылай жалғаса берсе, ұлтымыз өзінің бет-бейнесін жоғалтуы мүмкін. Қыз Жібектей сызылып тұрған қыздарымыздың «бөтен» жігітке кеткенін кім қалайды? Қазақ қызының шетел азаматтарымен тұрмыс құруының себептері көп. Бірінші, отбасындағы ұлттық тәрбиенің кемшіндігі, екінші, қаракөздеріміздің мансапқа, байлыққа қызығуы, үшінші, алып-ұшқан сезімнің жетегінде кетуі, төртінші, ғаламтордың, шетелдік сериалдардың ықпалы.

Қоғамда екі ұлт өкілінің некелесуіне, яғни аралас некеге байланысты түрлі ой, әрқилы көзқарас бар. Осыған орай көзі қарақты оқырмандарымыздың да пікірін сұрап, білген едік.

Роза Қалиманова, Көпжасар ауылының тұрғыны:

- Қазақтың қаракөз қыздарымыздың шетелдік азаматтармен тұрмыс құруына қарсымын. Өйткені соңғы кездері қытай азаматтарына шығып, арын ақшаға сатып, олардың ұрпағын көбейтіп жүрген қыздарымыз көбейіп барады. Осылай қыздарымыз өзге ұлт өкілдеріне тұрмысқа шығып кете беретін болса, біздің ұлтымыздың өсіп-өркендеуі, демографиясы көтерілмейді. Ол бізге үлкен қауіп төніп тұр деген сөз. Қазақтың санын көбейтетін қыздарымыз қытай мен орысты көбейте берсе, өзі аз-ақ қана еліміз құлдырауы мүмкін. Жиендеріміз бара-бара өзімізге жау болып шықпасына кім кепіл. Осыған бір тәртіп, тосқауыл болса. Қазақ тек қана қазаққа тұрмысқа шықсын.

Айару Бақытова, Орал қалалық Жастар мәдениет үйінің мәдени ұйымдастырушысы:

- Әрине, адамның кімге үйленуі, кіммен тұрмыс құруы  - әркімнің өз еркіндегі шаруа. Алайда, аралас неке - өзі аз халықты, одан сайын жұту, құрту сияқты көрінеді маған. Қазақстандықтар осылай өзге ұлт өкілдерімен шаңырақ көтере берер болса, жұтылып, не орыс, не қытай болуымыз ғажап емес. Бұл қуанатын жағдай емес...  Қазақтың қаракөз бойжеткендері өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шығып, қазақылықтан ауылы алыс ұрпақты өмірге әкелуде. Сол «жиендер» қайта қазаққа шүйлікпесін деңіз. Ондай жайттар өмірде көптеп кездеседі. Өкінішті. Бұндай аралас некені қалайтын арулар көбіне-көп шетелде шалқып өмір сүруді көздейтін шығар. Алайда, сол дегені болса, ештеңе емес... Басқа ұлттың өкілін сүю арқылы өзін туған халқынан, ұлтынан, отбасынан, дәстүрінен ажыратқан адамның алды түнек. Ол қараңғылыққа батады. Шынымды айтсам, мен мұндай некелерді құптамаймын.

Шыңғыс Ромашев, мұғалім:

- Мен өз басым қазақ қыздарының шетелге ұзатылуына қарсымын. Себебі қазақ қыздары әлемнің өзге елдеріне ұзатылғасын ұлттық тәлім-тәрбие, салт-дәстүр, әдет- ғұрыптан алыстайды. Олардан өрбіген жас ұрпақ та өз елінің қасиетті құндылықтарынан кенже қалып, өзге елдің дүниесін бойына сіңіріп өседі. Қазақ халқы қашанда даралығын, даналығын, мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтаған ұлт. Сол себепті қаркөздеріміз шетелге тұрмысқа шығу дегенді ойына да алмай, өз еліміздің азаматтарына тұрмысқа шығып, ұлықты ұл мен қылықты қыз тәрбиелеп өсірсе құба-құп.

Айдана Мәжитова (аты-жөні өзгертілген) мәдениет қызметкері:

- Қазақстанда аралас неке болмай тұрмайды. Шын жақсы көріп тұрса, ата-анасы батасын берсе неге өзге ұлтқа тұрмысқа шықпасқа. Қай-қай ата-ана да баласының бақыты үшін бәріне дайын. Махаббат – жасқа,  ұлтқа, дінге, тілге қарамайды. Махаббат бар жерде ұлт жоқ. Ұлты басқа деген сезім мен сыйластыққа кедергі емес. Шын жақсы көрсе ештеңеге де қарамайды. Егер екі жастың сезімдері күшті болса, аралас некені қолдаймын. Шетелге тұрмысқа шыққан қыздар көбіне ол жігіттің байлығына қызығады. Шетелдіктердің бойы ұзын немесе ой-өрісі қазаққа қарағанда биік. Неге біздің қазақтың жігіттері бай болмасқа? Барлық жақсы қасиеттер серілеріміздің бойына табылып жатса, аралас некенің саны азаяры сөзсіз.

Сөз соңы

Адамның кіммен отау құруы - әркімнің өз еркінде. Біреулер аралас некені қолдаса, екінші тарап даттап жатады. Қалай болғанда да аралас некеден туған бала таза бір ұлттың өкілі болып дүниеге келмесі хақ. «Қарғайын десем - жалғызым, қарғамайын десем - жалмауызым» деп қазақ қатты күйінгенде ғана амалсыз айтуға мәжбүр. Ендеше,  бұдан әрі көзді жұмып, көрмегенсіп отыра бермей, қыздарымыздың қылығын бақылайтын кез жеткен секілді. Ұлттың ұяты, ары, намысы, болашағы деп саналатын қазақтың қыздары неге намыссыз болып барады? Сіз не дейсіз оқырман?

Орынгүл Қанатова,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале