13.03.2025, 12:45
Оқылды: 489

«Өзімнің атым – Хангерей!»

(Ақын Хангерейді іздеу. Бірінші сапар)

 Хангерей ақын – даланың оқылмаған бір беті.

Хангерей ақын туралы алғаш рет 2006 жылы жарық көрген «Жыр өзегі – Жымпиты!» атты жинақтан оқыдық. Сырым ауданында туған ақындардың шығармаларының топтамасын құрастырған – белгілі журналист, сол кезде аудандық «Сырым елі» қоғамдық – саяси газетін басқарған Жолдығұл Өтегенов.

Кітаптың 34 бетінде «Хангерей ақын – Жымпиты уезіне қатысты Сүттігенді елді мекенінде дүниеге келген. Руы – Байбақты, оның ішінде Тоқсоба. Суырыпсалма ақын. Жырлары ауыздан – ауызға жатталып, ел ішінде кең тараған.» Міне, өнер иесі туралы бар ақпарат осы. Әрі қарай жырлары тізіледі.

гнек

Ақынның қайда туғанына, руы кім екеніне дәлел – дерек емес. Себебі, Хангерейдің өзі:

  • Сұрасам руымды – Тоқсобамын,

Қонысым – Сүттігенді, Қоспаданмын!» - деп сөз бастайды.

әрі қарай нақтылап:

  • Көзімбет – Тоқсобада атақты ауыл,

Белгілі айтпасам да басқаларын! – дейді.

Сүттігенді - Шалқар көлінің ескі айдындарын бауырлай жатқан жайлау. Талпыннан әрі асатын далалық жол сүттіген жайқалған қырдан бір шығарады. Қазір жұрттың орынында төрт – бес үй ғана қалған. Бұрын дүркіреген ауыл болды дейді білетіндер.

Ал, Қоспасы – Жымпиты бетте. Өлеңті мен Шідерті өзендерінің түйіскен, қосылған тұсы. Күнінде патшалық Ресей Қоспадан бекініс салмақ болған деген дерек бар. Бұл 1840 – 1850 жылдардың бедері. Бірақ, жергілікті жұрт жаңа кенттің табанын ол жерден Өлеңті өзенінің жалпақ жағасына қарай жылжытты. Қоспаның басынан құрылыс бастатпады. Жымпитыда қызыл кірпіш ғимараттар көбейді, сырт көз ауылды Қызылүй атай бастады. Аурухана, мектеп, мешітпен қабаттастырып отаршыл үкімет қазақтың қайнаған ортасына шіркеу салды. Бірақ, сол шіркеудің қоңырауы соғылмай кетті.

Қариялар Қызылүйдің қазығын неге Қоспаға қақтырмады? – деген сұрақ туады. Қоспаның маңында, Ақборда Тоқсобаның Сайырман бөліміне шыққан Шүйінішқали шейхтың (Сүйінішқали Өтемісұлының)  қабірі жатыр.  Нақшбандия тариқатының көрнекті өкілінің басындағы таста: «Насихат керек болса - өлім жеткілікті. Әбубәкір, Омар, Оспан, Әли. Бұл Тоқсоба ұрпағы, сәулесімен көңілдерді ашқан нақшбандия силсиласынан, Тәңірлік темірқазық, шейх Сүйінішғали Өтемісұлының қабірі» - деп бір ауыз хикмет пен хабиб Пайғамбар Мұхамеддің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мұрагерлері - халифалардың есімдері, кейін қабір иесінің аты түсіріліпті. Сәкен Сейфуллин «Алаштың дұғагөйі» - деп анықтама берген, ХХ ғасырдың басындағы Қазақстанның батыс өңіріндегі демократияландыру үдерісіне белсенді қатысқан дін қайраткері Қуанай Қосдәулетұлы да осы топырақта туған, кейін Шүйінішқали шейхтың қызын алған, мешіт ұстаған.  Қуанай хазіреттің бір ұлы Қоспадағы зиратта жатыр. Асылы, асылдар, әулиелер түлеген жерге кәпірлерді жолатқысы келмеген болды – ау деген жауап табамыз жоғарыдағы сауалға.

Міне, Хангерей ақынның «Қоспаданмын!» қос қанатын желпуінің де бір себебі – руханият ордасының сәуле – сиқырын сезінгенінен еді.

Хош, Сүттігенді Қоспаның арасын сөзбен шиырлауды осымен доғаралық. Хангерейдің атын, өлеңдерін уақыт дәптерінің арасына дәл мезетін салып жіберіп үлгерген журналист Жолдығұл Кәкенұлына зор алғыс, рухына Фатиха жолдай отырып, сұрақтардың келесі аялдамасына тоқтайық.

«Хангерей ақын кім? Қай жылы туған? Неге оның аты Батыс Қазақстан өңірінен шыққан ақындар арасында аталмайды? Жолдығұл Өтегенов «Жыр өзегі – Жымпиты» жинағына енгізген ақынның өлеңдерін қайдан, кімнен алған? Хангерейдің бар мұрасы осы ма әлде жұрт оқымаған жырлары әлі де бар ма?»

Қадыр ақынның «Өлеңге айтып қойыппын, Өмірдің айтпа дегенін!» дегендей, жарықтық Хангерей өзі жайлы өмір деректерді өлеңмен өріп кеткен.

  • «Өзімнің атым – Хангерей,

Наурызәлі әкем – тұл кедей!

Өзім кедей болғанмен,

Ат мінбеймін сәндемей - деп жырлауынан ақынның әкесі Наурызәлі екенін, сал – серілердей салқам өмір сүргенін түсінеміз.

Ал:

  • Айт десе халқым қалап, тоқталмаймын,

Бәйгенің жүйрігіндей жаратылған! – дегені дарын ретінде дараланған, бабына келген уағы еді.

  • Аңқатым – әнім аты аңқылдаған,

Махаббат саған деген сарқылмаған! – деуінен туған жеріне еркелеп, ел ортасында жүрген бекзада жігіт көзімізге елестемей ме?

«Жыр ордасы – Жымпиты» кітабында ақынның өлеңдерімен бірге «Хангерейдің қазасы» деген дастан қоса жүр. Филология ғылымдарының докторы, профессор Мәтжан Тілеужанов жоқтауды Хангерейдің өзі жырлаған болуы мүмкін дегенді де алға тартады. Біздің оған сенгіміз келмеген, бірде – екілі дерек ойымызды айнытпағанда. Ақынның өлімі мен өлеңі қабысқан нәзік тұстың жұмбағын әдебиет зерттеушілері шеше жатыр. Біз сол дастандағы:

  • Ұрпағы Көзімбеттің алабынан,

Атасы Қали қарттың қабағынан,

Ағаштың басындағы қызыл алма,

Үзіліп ерте түсті сабағынан! – деген жолы арқылы оқырманға ақынның аталары туралы мәліметті ұсынып қоюды жөн санадық.

Хангерейдің өмірі туралы мозайканың бірқатар элементтері жазушы Хамза Есенжановтың «Ағайынды Жүнісовтер» романының ішінен табылды:

  • «Отауда жыр қызығы жаңа қызып еді... Кене заманның әрідегі салт-санасын жырлап берген жыршыны, оның қоңыр үнді қос ішекті домбырасының тербенді сазын жұрт таң рауандағанша тыңдауға да бар. Әсіресе, сол тайпа елді оқтын-оқтын сүзіп өтетін Қалекеш жырауды ел-елдер ай қарағандай күтіп алатын. Жыраудың «Қырық батыры» қалың тыңдаушыға әлденеше кешке жететін азық-ты. Ал, сол кеш Дабылбайдың ауылына соққан бұл жез таңдай жанды басқа елдегідей қаумалай қалатын халың шамалы болды да, ол Рақымғалидың отауында отырып сөзуар үй иесімен, оның самарқау әйеліне шақтап «Хангерейдің халқымен қоштасқанын» айтып жатыр еді.

... Бұлардан өзге де отауда екі-үш сауыншы әйелдер мен бір-екі малшы келіп, атақты ақынның өлер алдындағы жыры дейтін жырды егіле тыңдап қалған. Нағыз қызық жеріне келгенде, әдейі жұрт қолқасы сұғына түссін дегендей жыршы жырын үзіп тастап, домбырасымен болып кетті. Оның бар пернесін төрт саусақпен тез-тез сыпырып шығып, бас бармағын саға перненің алқымына қадап домбыра үніне құлағын тосты. Жұрт қыбыр етпестен бұл дүмбір үнді қосыла тыңдағандай тына қалды. Бірақ қаумалай түскен тыңдаушының жан құмары оның үніне емес, арнасына құйылған сөздің екпіні мен түйінінде шырмалып қалған сияқты, енді қалай толқыр екен дәл жырдың ауытқыр жағын аңдып, міз бақпай Қалекеш көзін төңкеріп тастап:

— ...Көл жағасындағы жалғыз қыстауда, қол-аяғы кісенді сабаздың терезеден қарап айтқаны:

Уа-а-а-а-а!

Қара атым түсіп қолыма

Бұрынғыдай желер ме?

Тағдырдың түні жеткенде

Болмай тұр қазір күлерге!

Жазған бір басым білмедім

Тап боларымды нелерге:

Бұрынғыдай алшаңдап

Енді болмас жүрерге,

Аға мен іні, құрбыны

Енді болмас көрерге

Тар лахатым қазулы

Жақындадым кемерге.

Арманым көп ішімде,

Келе алмадым кемелге.

Уа-а-а-а!

Нарқамыс неге шулайсың,

Қоштасар шағым жетті ме?

Думанды көлдің жағасы —

Жас дәуренім өтті ме?

Алқалаған әлеумет

Қасымнан ыдырап кетті ме?

Торға түскен ақынның

Басына дұшпан тепті ме?

Сырттан баққан жауыздар

Тас түбіме жетті ме?

Айға шапқан арыстан ем,

Қамалап мерт етті ме?

Жыршы тағы да көзін төңкере бір қарап алып: — ...Екі атты казак үйден атуға сыртқа алып шыққанда былай депті:

Айды бұлт құрсады,

Жерге нұрын шаша алмас!

Көлде құлар шулады —

Көгілдірі қаша алмас!

Екі қолым құрсаулы —

Қос пернені баса алмас.

Енді қайтып Хангерей

Шалқып судай таса алмас.

Енді қайтып Хангерей —

Халқының көңілін аша алмас.

Енді қайтып Хангерей —

Жардың мауқын баса алмас.

Енді қайтып сорлы ақын

Кемерінен аса алмас,

Енді қайтып жұртына

Жырдан меруерт шаша алмас.

Уа-а-а!

Шаша алмас енді Шаша алмас...

Уа, Қуанышкерей, қайдасың,

Еліме менің сәлем де —

Ата мен һәм анаға,

Аға,ініге сәлем де,

Сүйген жар һәм балаға.

Қара жерді құшақтап

Бауырың тұр жатқалы,

Екі жендет жетектеп

Алып келді атқалы,

Айтылды, міне соңғы сөз...

— Тарқат жынның ойнағын! — деген өктем айғай Бисенғали есіктен кірмей жатып үйді селк еткізгендей болды.

Уа-а-аІ

Қуанышкерей, қайдасың?

Еліме арнай сә.. де! — деп үзіліп кетті жыршының толғауы.»

Бұл мәтіндер «Жыр ордасы – Жымпиты» кітабында жоқ. Бірақ, ағын – нөпірі Хангерейдің ақындық қуатына үйлеседі. Сондықтан, бұл жырдың дастанның бізге беймәлім бөлігі екендігіне дау жоқ.

Әрі қарай оқиық:

— Бар, барыңдар. Кім шақырды осы сендерді. Біреудің төбесі көрінсе болды, жемге жүгірген шабақтай, самсап толып кетесіңдер, түгі. Бағана айттым ғой мен сендерге, жыр да жоқ, қисса да жоқ деп. Қалекештің айтып отырғаны жыр емес, — дей беріп еді, оған Бисенғали жекіріп тастады.

— Жыр емес, жоқтау! Бұзықтың шығарған жоқтауы. Бір бұзықтың бір бұзыққа айтқанын, естімейсің. бе: Қуанышке-ре-й қайдасың» деп өңешін созып жатқанын! Бар пәле сенен! Сен осылардың басын қосып, төбеге шығарып жіберген!»

Жоғарыдағы жоқтаудан үзінді келтіргенімізде: «Үзіліп ерте түсті сабағынан» - деген жолға назар салған шығарсыз. Даланың төсінде дәуренін жасаған ақын Хангерей Наурызәліұлы бандылардың қолынан қаза табады. Шамасы, жастай кеткен.

Ақын өлімінің сырын «Ағайынды Жүнісовтардағы» Қалекеш жыршы былай тарқатады:

— Аға, Бисенғали неге өшігеді, сізге жыр айтқызбай, — деп сұрады Құрман Қалекештен қараңғы үйде жататын жерін қолымен сипалай түсіп.

— Бисенғали сізге неге өшігеді дейсің бе, Құрмаш? Бисенғали маған өшікпейді. Жалғыз атты ел қыдырған жырауды қайтсын. Оның өшігетіні жыр. — Ол сәл бөгеле қалды. Сөйтті де тамағын жұмсақ кенеп алып, сөзін қайтадан бастады. — Ол жырдың да бәріне бірдей кәрін төкпейді, оның құлағына жақпайтын жаңағы «Хангерейдің өлімі», «Қарасай-Қазиді» мен өткен жылы кеп айттым. Оны осы Бисенғали да тыңдады бір жолы. Оған үндеген жоқ, қайта қостап көтермелеген жерлері де болды. Ал мына «Хангерейді» ол сонда да тыңдамай үйден шығып кеткен.

...Хангерейдей сөз жүйрігін Бисенғали сияқты ірі адамдар көре алмай жүрді. Себеп: Хангерей кеңес өкіметін жақтап көп өлең, жыр шығарды. Кешегі қойшы мен жалшыны мырзалармен тең көрді. Көбіне-көп оның өлең-жырлары жебір билер мен кеудесін керген байларға бөгелектей тиді. Өзі коммунист болған кедейшіл жыршыны көре алмаған дұшпандары«әй, сені ме!» деумен келді. Кешегі бір қысылшаң аштық, жалаңаштық жағадан алған күндерде банды деген пәле көп шықты. Жұт жеті ағайынды дегендей, сол бандының әлегі бәрінен де жаман тиді елге. Бұрынғы Жайық бойын тұтас билеген атты қазақтар бас көтеріп, өзі аш-жалаңаш елге шабуыл жасап әлектеді. Сондай бір топ қарулы казактар Ілбішіннен шығып Жымпиты қаласын шауып алуға аттанған. Мына Қамысты көл басына бір түнде бес жүзден астам казактар келіп жеткен. Бұлар таң ата Жымпиты қаласына бас салуға даярланған. Теңдік алған кедей жағы бұл жауды көріп бұға түсті де, ал кеңес өкіметінің тақымы тиген бай, мырзалар ауыл Советке, оның мүшелеріне тісін қайрай бастады. Осы жолда құрбан болғандардың бірі Хангерей ақын, Құрмаш. Хангерейді дұшпандардың көзеуімен қазақ жүздігі ұстап алып, соңынан үйін тінтсе, үйінен әскерше тіккен сұр бешпет-шалбары, қалтасында партиялық билеті табылыпты.

Түнде көл жағасындағы жалғыз үйге қамап, қасына қарауыл қойып, таң алдында қалаға аттанарда «бірінші құрбандық» деп казактар атып кеткен Хангерейді. Сол түні шығарған өлеңі деп Қуанышкерей ақынның айтқаны ғой әлгі…» Роман осылай дейді.

Біз бүгін Сырым өңірінде өмір сүрген, замананың үні болған аяулы ақынды іздеуге сапарға шыққанымызды айтқалы отырмыз. Шешер жұмбақ көп. Қай жылы туды, қай жылы дүние салды. Негізгі екі цифрды анықтау – алдағы күннің еншісі. Жорамалдауымызша, ХІХ ғасырдың аяғында дүниеге келіп, ХХ ғасырдың басында бақилық болған. Кісі қолынан қаза тапқан. Қалекеш, Қуанышкерей деген жыршылар кімдер? Бұл тағы мойынымызда тұрған сұрақ.

Ал:

  • Қызғалдақтай жастық шақ,

Бір күндей болмай бұ да өтер!

немесе:

  • Нөсерлетіп төккенде,

Ағыл – тегіл өлең – жыр,
Таудан құлап келгендей! – деген шырайлы һәм шымыр шумақтары ауыз әдебиетінің зерттеушілерін қызықтыруы тиіс қой.

Ақын Хангерейді бандылар бір, уақыт екі өлтіріп отыр. Сондықтан, ақын жайлы әлі талай жазылмақ керек.

Осы аптада Жымпитыда аймақтық – республикалық айтыс өтеді. Хангерейдің құрметіне. Ақынның елімен қауышатын уақыты жетті емес пе?

Бауыржан Ширмединұлы,

журналист,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале