Ұлттық өнерді дәріптеп жүрген ауылдасымыздың бірі – тігінші Зарина Даумова. Ол былтыр Астанада «Хасшебер» қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен іс-шарада республикалық қолөнер шеберлерімен бірге ұзындығы 15 метр, ені 6 метр болатын еліміздің көк байрағын тігуге атсалысып және ҚР отандық өнімдерін дамыту қауымдастығының ашылуына орай өткен фестивальға қатысып, КИНЭС Қазақстан рекордтар кітабына еніп, өзінің шеберлігін паш етіп келген болатын.
- Мен 2012 жылы бастап бұл кәсіппен айналысып келемін. Кішкентай кезімнен қолөнерге жақын болдым, еңбек сабағын қатты ұнататын едім. Еңбек сабағында аяқ машинкасын пайдаланып, жазда нағашы әжеме барғанда қол машинкасымен өзіме неше түрлі киім тігіп, мақтанып көрсетуші едім. Мектеп бітірген соң медициналық колледжге тапсырып, түсе алмадым. Салымды суға жібермей, тігіншілікпен қатар шаштараздың оқуын оқысам ба деген ой келді. Сол кезде әкем «қолыңнан келетін тігіншілікке тапсыр, оқымасаң, үйге қайт» деді. Содан училищеде екі жыл тігіншілікті оқып, оның мен білмейтін сырын үйреніп, ең үздік дәрежеде бітіріп, одан әрі қызыға түстім. Қазір ол таңдауыма еш өкінбеймін, нанымды осы істен тауып отырмын десем де болады. Бұл саланы оқымасам, білмесем, қазір бұндай дәрежеге жетпес пе едім. Оқуымды аяқтап, ауылға оралған соң, аудан орталығында ең алғаш ательені мен ашыппын. Үкіметтің қайтарымсыз грантына ие боп, ең соңғы үлгідегі машинка сатып алып, ательемнің жұмысын одан әрі дамыта түстім. Басында келушілер аз болды, кейін халықтың қызығушылығы оянып, тұрақты тұтынушылар таба бастадым. Бір күн бос уақытым болмайды. Қыздарға арнайы курс ашып, аудан орталығымен қатар ауылдық жерлерден ерінбей келіп, тігіншілік өнерін дамытып жүрген қаракөздеріміз жетерлік. Болашақта қолөнер сайыстарына қатысып, өзімнің бренд киімдерімді қалыптастырып, еңбегімді әлемге паш еткім келеді, - деп алдағы мақсатымен бөлісті.
Тігіншілік, қолөнер шеберлігімен айналысу бүгінгі заманның ең табысты бизнесінің бірі. Жас тігінші Зарина Азаматқызы өзінің сүйікті ісімен айналысып, тігіншілік өнерді кәсіп етіп келеді. Қымбат тастармен әшекейлеп, қазақ қызының сұлулығын ұлттық нақыштағы киімдерімен, әдемі сөмкелермен одан әрі көркейтіп, нәрлендіріп келеді.
Аруғаным Қазиева,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz