7.12.2021, 11:51
Оқылды: 121

Озық ойлы жас тәрбиелеу - міндетіміз

Жуырда Елбасы, «Nur Otan» партиясының Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың партияның кеңейтілген кеңесінде сөйлеген сөзі тек «нұротандық» партияластарыма ғана емес, барша қазақстандыққа қарата айтылған деп білемін.

28

Отыз жылда айтулы жетістіктерге жеткен елді басқарған Елбасы өткен жылдар жемісін тізбектей келіп, алдағы тұрған белестерді бағамдады.

Нұрсұлтан Әбішұлының: «Қазақтың барша арман-мақсатының орындалуы тек Тәуелсіз мемлекет, дербес ұлт жағдайында ғана мүмкін екенін ұмытпауымыз керек. Тәуелсіздікті нығайту – экономиканы нығайту. Бұл барша халықтың еңбегімен келеді. Сондықтан жас ұрпақ ел игілігі үшін әрдайым еңбек етуге дайын болуы қажет» деген  сөздері сол жас ұрпақты тәрбиелеумен тікелей айналысатын білім беру саласы қызметкерлерінің алдына қойылған үлкен міндет дер едім.

Әр баланың бойына Отанымыз – Қазақстанға деген сүйіспеншілік нәрін себу отбасынан басталады. Сол сезімнің бала санасында бекем орнығуына біздер, ұстаздар мен тәрбиешілер, жалпы білім беру саласы  қызметкерлері жауаптымыз. Біз көзі ашық, көкірегі ояу, санасы азат, ойы озық жаңа буынды қалыптастырушымыз.

Осы орайда біз Елбасының «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаттар жиынтығын басшылыққа алуымыз керек.

Ең алдымен, біз әр жас қазақстандықтың санасында «Тәуелсіздік – кез-келген азамат үшін қастері құндылық екенін» сіңіруіміз тиіс. Екіншіден - «Бірлік пен келісім – елдігіміздің мызғымас тұғыры». Отыз ұлттың қонысы болған теректіліктер үшін бұл бос сөз емес. Бұл – өмір салты. Жастарды да біз осы салтпен тәрбиелейміз.

«Жер – ата-баба мұрасы, халық қазынасы» деген қағидатты ұстанып,  ата-баба аманатына адал болып, ұлан-ғайыр жерімізді қорғау, оны болашақ ұрпаққа мирас ету – біздің ортақ борышымыз. «Отбасы мен салт-дәстүр – қоғамның алтын діңгегі», «Ұлттық мәдениет – халықтың рухани тірегі» деген қағидаттар да жастар тәрбиесінде бұлжытпай орындалуы керек. Бастысы, біз жас ұрпақтың «Білім мен еңбек – бақуатты өмірдің кілті» екендігін ұғынып өсуі үшін бар күш-жігерімізді жұмсап, аянбай еңбек етуіміз керек.

«Прагматизм – бәсекеге қабілетті болудың кепілі». Қанағатшыл, үнемшіл, ұстамды болып, уақытты орынды пайдалансақ,  білім жетілдіріп, дамуға мол мүмкіндік аламыз.

Қазір елімізде әр адамның өзін-өзі дамытуына, сүйікті ісімен айналысуына мүмкіндік мол. Сол мүмкіндікті тиімді пайдаланып, адал еңбек етуге ден қойсақ, жасампаз еліміздің «Мәңгілік Ел» болуына қосқан үлесіміз болмақ.

Ендеше, Елбасының әр қағидатын өмір сүру қағидатына айналдырайық. Сонда біз жеңістерге жетеміз!

Жанаргүл Хусаинова,

Теректі аудандық білім беру бөлімінің басшысы

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале