25.03.2020, 12:30
Оқылды: 68

"Пайданы емес, елді ойлайтын уақыт туды!"

"Қазақ елі үшін сындарлы күн туды. Біз соғысты да, қырғынды да, аштықты да көрдік. Бәрінен рух пен бірліктің арқасында өттік. Ғаламды жайлаған дерттен құтылу үшін де ем-шара, медициналық амалдан бұрын бірлік керек.

92FE5E59-F9B3-4ED8-9412-62DE5A95AF76-e1585121640356

Төтенше жағдай жағдай жарияланды, бұқаралық іс-шараларды тоқтату жөнінде тәртіп берілді. Тәртіпке бағынуға тиістіміз. Бауыржан Момышұлы "Тәртіпке бағынған құл болмайды!" демеп пе еді?!

Шектеу қойылса да, той-томалағын тоқтатпай, әрі онысымен мақтанып, масаттанып, әлеуметтік желіге "Коронавирус болса өзіне. Біз тойды тоқтатпаймыз!" деп жар салған жандарды түсіне алмай әлекпін. Бұл - қазақшылық емес, безбүйректік.

Әлемді айтпағанда, Қазақстан бойынша 79 отандас, 79 бауыр жанымен арпалысып жатқанда той тойлау ұят емес пе?

Кәсіпті бастайтын - кәсіпкер, жүргізетін - халық. Осы кезге дейін халық арқылы  кәсібін жүргізіп келген кәсіпкерлердің пайданы емес, елді ойлайтын уақыты туды. Абай  "Пайда ойлама, ар ойла" деген жоқ па?

Дүкен иелері азық-түлік бағасын қымбаттатпауы тиіс. "Жаманмен дос болуға мен қорқамын, Тар жерде ер-тоқымын сұрай ма деп" деген өлең жолдары осындайда ойға оралады. Тар жерде ер-тоқым сұрап жүрмеңдер, азаматтар.

Әрбір адамның өзі үшін емес, көршісі, ауылдасы үшін жақсылық жасайтын, көмек көрсететін сәт те келген сыңайлы. Зәру, мұқтаж жандар бар ғой. Көршің аш отырғанда, бөлмеңді тамақпен толтырып қойып, қалай отырасың. Бөліс. Барын бөліп бергенге Алла да береді.

Тәңір қолдап, сынақтан аман шығайық, ауылдастар!

Ахмет Батыршин

ардагер - ұстаз

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале