Облыста өтіп жатқан "Ақ бидай" ауыл спорты спартакиадасында Сырым ауданының спортшылары өте сәтті өнер көрсетуде.
Мәселен, сырымдықтар қазақ күресі бойынша жалпыкомандалық есепте топ бастады. Аудан құрамасының жетекшісі, белгілі жаттықтырушы Ержан Шүкіровтың хабарлауынша, біздің батырлар жекелей сында мықтылықтарын анық дәлелдеген. 55 келі салмақ дәрежесі бойынша Асхат Кисимов, 60 келіде Ержан Шүкіров, 66 келіде Ринат Кеңесов үшінші орынға ие болса, Құсайын Ерболат, Нұрсұлтан Мырзахметов, Мерей Бердіғали өз салмақтары бойынша жеңімпаз атанған. 100 келіден асатын алыптар шайқасында Ерболат Әбдіғалиев үшінші орын алды.
Кешегі сенбіде спартакиаданың асық ату және тоғызқұмалақ бойынша жарыстары Сырым ауданында өтті. Сайыстардың салтанатты ашылуы шарасына Сырым ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Асланбек Сарқұлов қатысты. Жарыс қорытындысына сәйкес, сырымдықтар бұл спорт түрлері бойынша да алға шықты.
Айтпақшы, «Ақ бидай» топ бәйгесінде сырымдық Мирас Болатовтың жүйрігі «Дүлдүл» мәреге үшінші келді.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz