3.01.2024, 17:15
Оқылды: 61

Пандус неге биіксің?  

Бөрлі ауданында 1189 мүгедектігі бар жан өмір сүреді.

Олардың арасында пандустың көмегіне жүгінетін жандардың да қатары аз емес. Әлеуметтік тұрғыда қолдап, жағдай жасап, оларға кедергісіз орта қалыптастыру – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі. Стандартқа сәйкес пандустың ені - 120 см, екі жағынан ұстайтын жақтау темірлердің биіктігі балаларға - 50 см, орташа  - 70 см, ал негізінен - 90 сантиметрден артық болмауы керек.

пандус жп (1)

Пандус кімге керек? Осы сұраққа кішкентай баладан, еңкейген қарияға дейін ойланбастан «мүгедектерге» деп жауап беретіні анық.

Бірақ та, пандус – жалғыз мүмкіндігі шектеулі жандарға арналмаған. Күнделікті өмірде сол пандусты пайдаланып жүрген баласын бесік арбамен сүйреген ананы, зат сүйреген жұмысшыны немесе үлкен супермаркеттерден алған тамақ және басқа да дүниелерді арбаға салып түсетін адамдарды көріп жатамыз.

пандус жп (2)

Өзіміз тұрып жатқан қаламыздың мекеме, сауда дүкендерінің есік алдында да неше түрлі пандус орнатылған. Мұның барлығы мүмкіндігі шектеулі жандардың өздерін қоғамнан тыс сезінбеуі үшін. Дегенмен, кейбір жердегі пандус мүгедектердің жүріс-тұрысын одан әрі қиындатып жіберетіні жасырын емес. Мысалы қарапайым халықтың көп баратын кей сауда орталығы, дәріхана мен дүкендерінде пандус тіпті ыңғайсыз салынған. Жоғары шыққан немесе төмен түскер кезде қасындағы адамның көмегін қажет етеді. Бұл пандустар мүгедек жандардың емін-еркін жүріп-тұруына қиындық туғызады. Алайда барлық жердегі жағдай бірдей емес. Кейбір мекемелерде пандус талапқа сай жасалған. Яғни, тік көтерілген. Біртіндеп жоғарылайды. Екі шетінде қолмен ұстайтын жақтау темірлері де орналасқан. Арба итерген жанға еш қиындық келтірмейді.

пандус жп (3)

Жалпы мүмкіндігі шектеулі жан үшін есік алдында табалдырықтың болмағаны дұрыс. Бұл олардың кедергісіз жылжуына мүмкіндік бермейді. Негізінен халықаралық талаптар бойынша ғимаратта табалдырықтың болмауы тиіс. Пандустың талапқа сай осындай өзіндік ережесі бар.

пандус жп (4)

Ауданда аудан әкімі орынбасарының қолымен бекітілген мониторингтік жұмыс тобы бар. Осы топ үнемі әр түрлі нысандарға барып, тексереді. Осы былтыр барлық білім беру нысанына, аудандық емхана, ауруханаларға және тағы басқа нысандарға тексеріс жүргізген. Жаңадан салынып жатқан ғимарат, үйлер де мониторинг барысында тексерілген.

- Қаламызда пандустары бар ғимараттар өте көп. Бұл қуантады. Бірақ та бұл пандустардың көбі дұрыс салынбаған деп ойлаймын. Себебі тым биік және тік салынған. Арбада отырған жанның жалғыз өзі онымен мініп, түсе алмайды. Міндетті түрде қасында бір адамның болуы тиіс. Сондықтан да пандус салар кезде осыны ескерген дұрыс деп ойлаймын, - дейді қала тұрғыны Диас Халелов.

Мүгедектігі бар адамдардың өзін қоғамның тең дәрежелі мүшесі екенін сезіну үшін оларға кедергісіз орта қажет. Сондықтан қоғам бар мүмкіндікті туғызуы тиіс. Бұл – адам теңдігінің кепілі. Сонымен қатар әлемдік қоғамдастықтың қойып отырған талабы.

«Инватакси» - аса қажет қызмет

Ауданла мүгедектігі бар адамдарға арналған инватакси қызметі 2014 жылдан бастап көрсетіледі. Осының арқасында мүмкіндігі шектеулі жандар межелі жеріне тегін қатынайды.

пандус жп (5)

Инватакси қызметі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша Қазақстан Республикасы мүгедектігі бар адамдарының қоғамдық бірлестіктері  және олардың құратын ұйымдары арқылы жүзеге асырылады. Инватакси қызметін көрсету тәртібі ҚР көлік және коммуникация министрінің  2013 жылғы 1 қарашадағы № 859 «Автомобиль көлігімен мүгедектігі бар адамдарды тасымалдау жөнінде қызметтер көрсету қағидаларын бекіту туралы» бұйрығымен бекітілген.

Инватакси қызметін мүгедектігі бар адам жұмыс және оқу орнына, жергілікті және атқарушы органдарға, сот, прокуратура, әлеуметтік сала объектілері, заң консультациялары, нотариус, медициналық мекемелер, әуежайлар, темір жол вокзалдары, автовокзалдар, теңіз және өзен порттары және арнайы әлеуметтік қызметтерді көрсететін ұйымдарға баруға пайдалана алады.

Мүгедектер арбасына таңылған адамның қоғамдық көлікпен жүріп-тұруы қиын екені айтпаса да бәрімізге түсінікті. Сол үшін де мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «инватакси» қызметі халыққа пайдасын көрсетіп отыр.

«Инватакси» қызметін пайдаланып жатқан мүмкіндігі шектеулі жандар мен олардың жақындары игілікті іске дән риза.

пандус жп (6)

- Бұл аса қажет қызмет түрі. Өздігімен қозғала алмайтын, арбаға таңылған жан үшін таптырмас қызмет деп санаймын. Өзімнің де апам мүмкіндігі шектеулі жан. Ол кісі аса қажет кезде міндетті түрде инватаксиді шақырады. Бұл өте ыңғайлы. Үйден алып кетіп, межелі жеріне жеткізіп тастайды. Қайтар кезде де солай. Тек алдын ала уақытын айтып, хабарласып қою керек. Иватаксиді пайдаланатын жандардың қатары да аз емес. Кей кезде ауылдарға да барады. Сондықтан осы қызмет түрінің ары қарай дамып, ауданымызда осындай көлік түрі көбейсе екен дейміз, - дейді қала тұрғыны Гүлнәр Хамитова.

Өткен жылы инватакси қызметін «Көру мүшесі зақымдалған мүгедектер» қоғамдық бірлестігінің «Орал» корпоративтік қоры көрсетіп жатыр. Қазіргі таңда қызмет алушылар саны 52 адам. Оның ішінде  – 35 бала. Ауданымызда инватакси қызметі 3 автокөлікпен көрсетіледі. Сонымен қатар бұл қызмет түрі тек қала бойынша емес, ауылдарға да барады. Мысалы, Бөрлі, Пугачев және Жарсуат ауылдарына да барып, қызмет етіп жүр. Тек диспетчерлік қызметке 1 күн бұрын хабарласып, тапсырыс беру керек екен.

Айдана Абдрахманова,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале