31.07.2024, 17:30
Оқылды: 6

Париж һәм парыз: Елдостан кейін енді кім?

«Ақындар провинцияда туып, Парижде өледі». Осы сөздің өңін сәл өзгертіп, «Чемпиондар провинцияда туып, Парижде танылады» деуге әбден болатындай.

Париж – Еуропаның ғана емес, адамзат өркениетінің бір қабырғасы. Әлемдегі жалғызсыраған жүректер Эйфель мұнарасына қарап мұңаяды. Бақытты ғашықтар да сезімдерін қанат қылып француз астанасына жетуді қалайды.

Бостандық, теңдік және бауырластық секілді жаһандық қағидаларды құндылық қылып ұстанған бұл қалада алаштың арда ұлы Мұстафа Шоқай қоғамдық-саяси қызметпен айналысқан. Сена өзенінің жағасындағы сахнада Әміре ән салған.

C7A46BD5-251E-42AC-8645-2A55C66DEF13

Сурет: Сали Сабиров/olympic.kz

Париж халқы енді Елдос Сметовты да таниды.

ХХХІІІ Олимпиада ойындарының алауы биыл Франция төрінде тұтанды. Дүниелік доданың ашылу салтанаты стадионда емес, көшеде, Эйфель мұнарасының түбінде өтті. Бұл да болса – француз халқының әлемді еркіндікке үндеуі деп қабылдадық. Олимп шыңын бағындыру үшін 206 мемлекеттен спортшы келген. Олар таныстыру рәсімінде Сена өзенінің бетінде қайықпен қалқып өтті.

Іле-шала бозкілем жайылып, дзюдо бәсекелері басталды.

Басқаларды білмейміз, Елдос Сметовтың Олимпиада ойындарында кеткен есесі бар. Ол, 2016 жылғы Бразилияның астанасы Рио де Жанейро қаласында өткен жазғы олимпиада ойындарында күміс жүлдеге ие болған. Ал Лондонда қолына қола тиген. Міне, төрт жылдық бап, дайындық, мақсат – бәрі Парижге Елдоспен бірге келді.

«60 келілік» Сметов алғашқы белдесуін сәтті бастады. Алдымен Нидерланды балуаны Торнике Чакадуадан айласын асырған ол, 1/8-де Украина туын көтеріп шыққан Дильшот Халматовты жықты. Ширек финалда тайпейлік Ян Юнвеймен кездесті. Әлемдік рейтингтің көшбасшысына әлі жетер ме екен деп осы кезде аз-мұз уайымдағанымыз рас. Бірақ, белдесуге белдігін тас байлап, буырқанып шыққан Елдосты көріп, еңсе көтерілді. Сметов сол қарқынмен ақырғы сынға да жетіп, француз балуаны  Лукой Мхеидзенің Франция Президенті Эмануель Мокронның көз алдында вазари әдісіне түсірді. Сөйтіп, армандап жүрген алтын медалін мойынына тақты.

– «Ассалаумағалейкум, Қазақ елі! Мен – Олимпиада чемпионымын! Өзімнің медаль жиынтығыма тек осы бір медаль жетпей тұрды. Бұл медальді осыған дейін екі рет екі жағынан көріп кеттім. Қол созым жерде қалдырдым. Міне, енді Олимпиаданың алтыны – менікі. Парижге тек алтын алуға келген болатынмын. Арманым орындалды. Шүкір, бақыттымын!», - деп жазды су жаңа Олимпиада чемпионы.

1980 жылы Мәскеуде Жақсылық Үшкемпіров еркін күрестен топ жарып, қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы болған еді. Үшкемпіровтен бата алған Елдос ағаның ерлігін араға 24 жыл салып қайталады. Қазақ дзюдосының тарихын жаңартты. Парижде мойындағы парыздан құтылды.

3A30C276-CC83-4418-BCDA-4489323D784B

Сурет: Сали Сабиров

Олимпиада қаһармандарының бірі – Абиба Әбужақынова. Осы жолы қоланы қолжетім жерде қалдырып кетті. Бірақ Абибаның бозкілемдегі айқасы әлемді Қазақстандағы дзюдо мектебімен санасатындай етті. Абибаның әдістерінің өзі көркем қойылым!

Елдос алтыннан алқа тағынбас бұрын қазақстандық мергендер Ислам Сатпаев пен Александра Ле қола медальға ие болып, сенсация жасады.

Сметовтың жеңісінен кейін Ғұсман Қырғызбаев дзюдо алаңын шулатты. Оның жоқ дегенде күміс жүлде алуға, тіпті алтынға жетуге де мүмкіндігі болған. Бірақ финал алды кездесуде сылбыр бірақ қу бразилиялық балуан Ғұсманның бағын байлады.

BF1B3803-D30C-4D7A-A912-F9CABBCE757C

Сурет: Тұрар Қазанғапов / olympic.kz

Ашық айқасқа көшпей, әрі жұлқып, бері тартып жүріп алды. Алып ұрмаса алқынғаны басылмайтын Қырғызбаев қарсыласын зерттеп, тактика қоя бастағанда уақыт бітіп қалды. Бірақ, осы ашу оған қола жүлдені алуға көмектесті. Сөйтіп, Олимпиаданың алғашқы аптасында көк Ту Париж көгін үш рет тіліп өтті.

Қазақстан Бекзат, Ермахандар, кейін Бақтияр, Бақыт, Даниярлар салған сара жолды Париж төрінде Сәкен Бибосынов, Махмұд Сабырхандар жаңғыртып, алтынмен қуантар деп сеніп отыр.

Бауыржан Шерім

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале