10.01.2018, 17:53
Оқылды: 76

Парламент депутаттары Тасқалада

 

Тасқала ауданына ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Ерболат Мұқаев пен Нариман Төреғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақтияр Мәкен іссапармен барып, атқарылған жұмыстармен танысты.

Жергілікті активпен жүздескен депутаттар Президенттің «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілетті» атты 2017 жылғы Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көрсетілген тапсырмалардың жүзеге асырылуын сөз етті.

Ауданның əлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші жөнінде аудан әкімінің міндетін атқарушы Арсен Баяндықов баяндады.

Депутаттарға аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Бақтығұл Тасмағанбетов судың бағасын түсіру, ардагер ұстаз Ізтұрған Қалниязов латын әліпбиіне қатысты ұсыныс білдіріп, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәрдемғали Балықов аудан орталығында теміржолдан өтетін екінші жол салу қажеттігін, сондай-ақ коммуналдық төлемдердің бағасын тұрақтандыру мен аудан орталығында тұрғындарға толық медициналық қызмет көрсетілсе деген ұсыныстарын жеткізді.

Актив жиынынан соң депутаттар Мерей ауылына ат басын бұрып, округтің  тыныс-тіршілігіне куә болды. Су мұнарасының жұмысымен танысып, оң бағаларын берді.  Айта кетейік, тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Ақбұлақ» бағыты аясында жалпы жобалық құны 253 млн. 206,0 мың теңгені құрайтын  жоба нәтижесінде Мерейде 228, Тоғайлы елді мекенінде 41 аула таза ауыз сумен қамтылған болатын. Жұмысты уақытынан ерте тапсырған «Құрылысгаз»ЖШС-нің жұмысына депутаттар алғыс білдірді.

Мұнан соң бой көтергеніне 10 жылдай уақыт болған ауыл мешітіне кіріп, Құран бағыштады. Тұрғыны аса көп емес ауылдың шағын мешітті тап-тұйнақтай етіп ұстап отырғанын көріп, халыққа ризашылықтарын білдірді.

 Динара НАСЫР,

Әсемгүл БЕКЕШЕВА,

Суреттерді түсірген Әсемгүл БЕКЕШЕВА

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале