24.10.2018, 17:19
Оқылды: 55

Парламент Мәжілісінің депутаттары Ақжайық ауданында

Бүгін ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Айзада Құрманова, Жәмилә Нұрманбетова және Айгүл Нұркина Ақжайық ауданының орталығы – Чапаевқа жұмыс сапарымен келді.

aqjaiyq (1)

Халық қалаулылары алдымен аудан активімен жүздесіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы жылдың 5 қазанында жариялаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауынан туындайтын міндеттерге қатысты ой өрбітті.

Жүздесуді аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов кіріспе сөзбен ашты.

Мәжіліс депутаты Айзада Құрманова «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа Жолдауы қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бірден-бір маңызды тарихи құжат. Президент халықты толғандырған мәселелерді шешудің оңтайлы әрі тиімді жолдарын көрсетіп берді. Білім саласындағы түйткілдер, денсаулық сақтау саласындағы мәселелер, сондай-ақ халықты баспанамен қамту туралы мақсатты бастамалар бұқараның көңілінен шығып отыр. Айталық, бүгінде елімізде 2 млн. тұрғынның баспанасы жоқ болса, халықтың 14 пайызы бір бөлмелі пәтерлерде өмір сүруде. Ұлт көшбасшысының осы бағыттарға назар аударуы тұрғындардың әл-ауқатын жақсартары сөзсіз»,-деді.

Халық қалаулысы сонымен қатар келер жылы қабылданатын «Педагог мәртебесі туралы» заңның бала жаны бағбандары үшін ақжарылқап хабар болғанын айтты. Сондай-ақ ол «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламарының өңірлерде жүзеге асуын әңгімеледі. Өңірлік инфрақұрылымдарды өрістетуге қатысты ой-толғамымен бөліскен А.Құрманова аумақтарды дамытудың жаңа жолдары туралы сөз қозғады.

Жүздесуде еңбек ардагері Дәулетжан Жақсыбаев Ақжайық ауданының қай жағынан да әлеуетті екенін айта келіп, бірқатар мәселелерді көлденең тартты. Айталық, Жайық өзенінің екі жағын жалғайтын көпірдің құрылысы, Абай атындағы мектеп-гимназияның апатты деп танылған ғимараты орнына  жаңа құрылыс керегін айтты. Ол сондай-ақ қазақ тілінің мәртебесін көтеру жайында әңгімеледі.

Депутаттар қойылған сауалдарға жауап берді. Мысалы, республикалық бюджеттен мектептердегі үш ауысымды оқытуды болдырмау үшін және апатты деп танылған мектептердің құрылысына қосымша қомақты қаржы бөлінеді, ол қаржыдан БҚО мектептеріне де жұмсалмақ.

Кездесуден кейін Мәжіліс депутаттары ғимараты апатты деп танылған Абай атындағы мектеп-гимназияда болып, ұстаздармен әңгімелесті.

 

Бекболат ҚАЛЕНОВ.

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале