Күш пен шабыт көзі, шексіз сүйіспеншіліктің, төзімділік пен ұлылықтың символы - нәзік жандылар қауымы отбасының ұйытқысы болып қана қоймай, әр түрлі салада адал еңбегімен қызмет етіп, қоғам өміріне белсене араласып келеді. Олардың адам өмірінде алатын орны қандай маңызды болса, қызмет барысында атқаратын рөлі де сондай мәнге ие.
Шыңғырлау ауданының әр түрлі саласында қызмет ететін әйелдер қауымымен, соның ішінде жұмысшы мамандықтардың иелерімен бүгін «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев арнайы келіп, кездесті.
Өндіріс, құрылыс, қызмет көрсету және ауыл шаруашылығы салаларында талай жыл еңбек етіп жүрген жандарды бір дастархан басына жинап, көктемнің шуақты мерекесі 8-наурыз Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады. Елінің дамуына қосқан үлестері мен адал еңбектері үшін алғысын жеткізе келе, құттықтау хаттары мен, шағын сый-сыяпаттарын табыс етті. Өз кезегінде мереке иелері көрсеткен құрметтері үшін ризашылықтарын білдіріп жатты.
Сондай-ақ Азамат Сафималиұлы жұмысшы мамандармен кездесіп, мерекемен құттықтаудан бөлек, қызметтеріндегі туындаған мәселелер жайында біліп, айтары болса тыңдай келегендігін айтты. Кездесу барысында бірқатар мәселелер көтеріліп, кеш қонақтары өздерінің талаптары мен ұсыныстарын ортаға салды.
Осылайша бұл жұмысшы мамандықтар жылы аясындағы нәтижелі басқосу, мереке қарсаңындағы тартымды кездесу болды. Аудан өнерпаздары әннен шашу шашып, жиналған жұрт естелік суретке түсіп, тарасты.
Әсел Әлім
Шыңғырлау ауданы