29.11.2023, 17:00
Оқылды: 65

Партия жобасы: БҚО-да кітап орталығы ашылды

Бәйтерек ауданының Переметный ауылында "Кітап-AMANAT" жобасы аясында кітап орталығы ашылды. Оған "AMANAT" партиясының хатшысы Шолпан Каринова арнайы келіп қатысты.

IMG-20231129-WA0148

Іс-шара Щапов ауылындағы Б.Момышұлы атындағы орта мектептегі бастауыш партия ұйымындағы жастардың қазақтың ұлы ақындарының өлеңдерін оқумен басталды.

IMG-20231129-WA0145

Жиынды ашқан "AMANAT" партиясы БҚО филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев бұл жоба облысымызда алғаш болып Бәйтерек ауданында жүзеге асып отырғанын атап өтті.

Оның айтуынша, Бәйтеректің таңдалуына ықпал еткен факторлардың бірі - ауданның шекаралас аймақта орналасуы.

IMG-20231129-WA0147

Жоба сондай-ақ ауыл тұрғындарының қазақ әдебиетінің жаңа туындыларына қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

- Жобаны бірінші болып қолдап, біздің ауданнан ашайық» деп ұсыныс жасап, қажет жағдай жасағаны үшін аудан басшылығына ризашылығымызды білдіреміз, - деді Азамат Сафималиұлы.
Аудан әкімі Марат Тоқжанов мәртебелі меймандарға «қош келдіңіздер» деп айтып, партияның ірі жобасының бірі Бәйтеректе жүзеге асқалы жатқанына қуанышты екенін жеткізді. Бұл жоба жастардың тек әлеуметтік желімен шектеліп қалмай, классикалық әдебиетке ден қоюына өзіндік үлесін қосарына сенім білдірді.
Өз кезегінде сөз алған "AMANAT" партиясының хатшысы Шолпан Каринова оқу мәдениетін дамытуға және отандық әдебиетті қолдауға бағытталған "Кітап-AMANAT" әлеуметтік жобасының маңызы мен мақсатына тоқталды.
- «Қазір кітапханалар бар, кітап сататын дүкендер де аз емес. Ал "AMANAT" партиясы неге бұл жобаны қолға алып жатыр?» деген сауал көпшіліктің көкейінде туындайтынын анық. Мемлекет басшысы биыл Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда кітап ісі идеологиялық жұмыстарда жетекші рөл атқаруы керек екенін атап өткені белгілі. Қазақ әдебиетін, балалар әдебиетін дамту жөнінде біраз тапсырма берді. Президентіміздің саяси тірегі, ел тұрғындарының, соның ішінде ауыл халқының мұң-мұқтажына ден қоятын "AMANAT" партиясы өз ғимараттарының ішінде "Кітап-AMANAT" жобасын іске қосуды қолға алды. Ондағы мақсат – ел-жұртқа, соның ішінде жастарға кітапті барынша жақын ету. Бүгінде мазмұны да, иллюстрациясы да, басылу да жоғары сапалы кітап көп. Міне, соларды көпшілікке қолжетімді қылуымыз керек. Осы бағытта бүгінгі таңда еліміздегі оннан аса облыс орталығында осындай орталық қызметін бастады. Осындай орталық бүгін Батыс Қазақстан облысында, соның ішінде ауданда ашылып жатқаны бізді қуантуда. Бәйтерек - "Кітап-AMANAT" жобасы жүзеге асқан еліміздегі екінші аудан. Жалпы мұндай кітап орталықтары әр аудан орталығында болғаны жөн, - деді Шолпан Қанатқызы.
Іс-шараға арнайы шақырылған Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалының төрағасы, облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин бала тәрбиесіндегі әдебиеттің рөлі туралы сөз қозғады.

- Былтыр Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысының назарына республикамызға ортақ жеті-сегіз мәселені ұсындым.  Соның бірі – шекаралас аудандарға көңіл бөлу. Соңғы жылдары шекаралас аудандарда халық саны азая бастағанын көпшілік жақсы біледі деп ойлаймын. Бүгінде облысымыздағы шекаралас аудандарда халықтың тұрмыс сапасын жақсарту бағытындағы көптеген мәселе шешіліп жатқандығы қуантады. Енді тұрғындардың рухани-интелектуалдық жағдайын да оңалтуға мән берілгені дұрыс. "Кітап-AMANAT" жобасы осы бағыттағы іргелі іс-шаралардың бірі деп ойлаймын. Құрғақ сөз, құр насихатпен жастарды әдебиетке алып келе алмайтынымыз анық. Сол себепті кітап оқуды әдетке айналдыруда аға ұрпақ, орта буын өздері үлгі болуы керек, - деді Бауыржан Файзоллаұлы.

"AMANAT" партиясы Бәйтерек аудандық филиалының төрағасы Бибигүл Ахметжанова айтып өткендей, кітап орталығында қазір 600-ден астам әдеби кітап бар.

Олардың ішінен жергілікті қаламгерлердің де еңбектерін табуға болады. Бұл жер ұнаған кітапты сатып, буккросинг арқылы алуға да болатынымен де ерекшеленеді.

Аудандық мәдениет үйінде орналасқан осынау орталықта алдағы уақытта түрлі рухани іс-шаралар ұйымдастырылмақшы.

Сәкен Әбілхалықов,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале