25.12.2024, 12:00
Оқылды: 36

«Партия жұмысы аз емес, босаңсуға да болмайды»

Теректі ауданының әкімдігінде «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Мирхат Ибраевтың төрағалығымен кеңейтілген партиялық актив мәжілісі өтті.

IMG_1135

Жиынға Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова, аудандық мәслихат төрағасы Әлжан Нұрғалиев, «AMANAT» партиясы БҚО филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев, аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім және мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері, мәслихат депутаттары және бастауыш партия ұйымының төрағалары қатысты.

Әуелі Әлия Биғазықызы Теректідегі игі істердің тінін тарқатты. Аудандық партия филиалының 2024 жылы атқарылған партиялық жұмыстарының есебі туралы Мирхат Мақсотұлы баяндады.

Теректі аудандық партия филиалында 16 бастауыш партия ұйымымен толықтырылып отырған 1901 партия мүшесі бар. Жыл  басынан бастап 118 адам өз өтініштері бойынша партия қатарына  қосылған. «Қарызсыз қоғам» әлеуметтік жобасы аясында 422 аудан тұрғынына оқу ұйымдастырылып, барлығына сертификаттары  табысталып, биылғы жылға жоспар 100 пайызға орындалған.

IMG_1144

Содан соң аталған партияның облыстық филиалында саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі қызметін атқаратын Ажар Нұралы жүзеге асқан жұмыстарға сараптама жасап, кемшін тұстарды жеткізді.

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сандуғаш Айтқалиева болса, «Ауыл аманаты» партиялық жобасының орындалуын тарқатты. Ішкі саясат бөлімінің басшысы Жандос Сұңғатов «Қарызсыз қоғам» жобасына тоқталды.

Күн тәртібіндегі мәселелер ретімен баян етіліп, соңы ұсыныс, сұрақтарды талқылауға ұласты. Мәжіліс соңында Азамат Сафималиұлы тоқсан ауыз сөздің тобықтай нүктесін қойды.

– Иә, партияның халық үшін маңызды қадамдарын біркісідей талқыға салдық. 2025-2027 жылдарға «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламаларының ауданда орындалуын тыңдадық. Партияның жұмысы аз емес. Босаңсуға да болмайды, - деген Азамат Сафималиев салмақты ой тастап, алдағы әрекеттердің жемісті һәм келісті болуын тапсырды.

Ақтілек Әлібекұлы

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале