25.12.2023, 15:50
Оқылды: 32

Партиялық жобалар жалғасады

«AMANAT» партиясының Теректі аудандық филиалы 16 бастауыш ұйымнан құрылған, қатарында 1811 мүшесі бар құрылым. Жыл басынан бері 96 адам өтініштері бойынша партия қатарына қосылды.

аманат

Филиалдың құрамы саны жағынан аз көрінгенімен, сапалық мәні мықты. Аудандық мәслихатқа сайланған он екі  епутаттың тоғызы - «AMANAT» партиясының мүшесі. Сайлауалды жұмыс барысында депутаттыққа үміткерлерге 79 аманат келіп түскен болатын. Бүгінде 23 аманат толық орындалды, 56 - орындалу  барысында. Аудандық мәслихаттағы депутаттардың партиялық фракциясы жыл ішінде төрт отырыс өткізді. Әр фракция мүшесіне сайлауалды бағдарламаның орындалуын қадағалау мақсатында тиісті тапсырмалар берілді.

2023 жылы партияның қоғамдық қабылдау бөлмесі мен аудандық депутаттар 87 қабылдау  өткізіп, 119 өтініш тіркелген. Оның 40 пайызы оң шешілді. Шешімі әзірге табылмаған өтініштер бойынша жұмыс жалғасады.

Шілде айында ауданға іс сапарымен келген ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Снежанна Имашева халықтың түйткілді мәселелері мен өтініштерін тыңдаған болатын. Тұрғындар электр желісі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жер бөлу жөнінде сөз қозғады. Бұл мәселелер қаперге алынды. Енді толық орындалғанша партияның жіті бақылауында болады.

Аудандық филиал жанындағы партиялық бақылау комиссиясы өз жұмысын тұрақты жүргізеді. Әсіресе, аудандағы құрылыс және күрделі жөндеу  жұмыстарының сапасы мен тиімділігін үнемі бақылауда ұстайды. Жыл басында құрылысқа байланысты 5 партиялық бақылау бекеті құрылған болатын. Пойма және Магистральное ауылдарындағы 108 орындық мектеп және Сарыөмір ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген соң, ол бақылау бекеттері жабылды. Аяқталмаған жобалар, соның ішінде Теректі ауылындағы емхананың құрылысы партия бақылауында.

Біз үшін тағы бір маңызды іс – жер мәселесі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пайдаланылмай жатқан және заңсыз бөлінген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару, оны халық игілігіне беру жөнінде бастама көтерген болатын. Бұл бағытта былтыр «AMANAT» партиясы жанынан «Жер аманаты» комиссиясы құрылып, жүйелі жұмыстар басталды. Нәтижесінде, ауданда 8842 гектар жер мемлекетке қайтарылды.

Жалпы партиялық жобаның барлығы да біздің ауданда қарқынды. Мәселен, «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы бойынша 725 млн 088 мың теңге қаржы бөлінді. 117 несие алушының құжаты тіркеуге алынып, күні бүгінге 99 несие алушының құжаты комиссиямен толық мақұлданды. 595 млн 180 мың теңге олардың әрқайсының есепшотына аударылды.

«Қарызсыз қоғам» әлеуметтік жобасы аясында 608 теректілікке оқу ұйымдастырылып, сертификаттар табысталды. Партияның «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы», «Ұлттық мұра» жобалары аясындағы шараларды  желілік кестеге сәйкес өткіземіз.

Қай істің де нәтижелі болуы адам факторына, мықты кадрларға байланысты. Сондықтан, партия мүшелерінен кадрлық резервті қалыптастыруға күш саламыз. 2021-2023 жылдары ауданда 10 ауылдық округте әкім сайлауы өтті. Сайлауларға 7 кандидат ауылдық округ әкімі лауазымына үміткер ретінде партия атынан ұсынылды, 3 партия мүшесі өзін-өзі ұсынды. Сайлау қорытындысында олар  ауылдық округ әкімі лауазымына сайланды.

2023 жылды қорытындылай отырып, «AMANAT» партиясының мүшелері, жаңа жылда алдымызға жаңа міндет-тапсырмалар қойып отырмыз.

Партиялық жобалар жалғасады.

Мирхат Ибраев,

«AMANAT» партиясы Теректі

 аудандық филиалының атқарушы хатшысы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале