Құм Нарынның бір ұлы Рахметолла Әмірғалиұлы Егізбаев – туған жері Бөкей ордасының, не кейінгі тұрған жері Чапаев (Ақжайық) ауданының әскери комиссариатынан дерегі табылмаған жауынгер-партизан. Тұйық мінезді, өте сабырлы, көп сөйлемейтін майдангердің жорық жолдарының дерегі ұрпақтарының іздеуімен кейін Беларус Республикасының Минск ұлттық мұрағаты қорынан шықты. Соның өзінде Рахметолла Егізбаевтің аты-жөні бір құжатта Рахметулл Игзбаев болып жазылса, келесісінде Икзбаев Рахметулл деп тегін «и» әрпімен бастап, одан кейінгі әріптер бірде «г», бірде «к» боп тіркеліп, фамилиясының жазылуы мен дыбысталуы өзгерген. Осындай әріптік өзгерістер есімінде де (Рахметолла-Рахметулл) бар.
Мұрағаттық деректе «Чекист» (Кирпич) партизан бригадасының Клюшников отрядының 108226 есептік карточка иесі Рахметолла Егізбаевтың есімі Рахметулл Игзбаев боп, туған жері, жылы деген жолға: «1916 жыл. Батыс Қазақстан облысы, Сайхин станциясы, Орда ауданы, Теректі ауылдық кеңесі» деп жазылған. Сондай-ақ осы карточкада: «Рахметолла Егізбаев Орданың Теректі ауылдық кеңесіне қарасты «Куйбышев» ұжымдық шаруашылығында есепші, 1931 жылдан қоғамдық жастар одағының белсендісі, сауатты. 1939 жылдан Белоруссияның Могилев облысындағы әскери бөлім қатарында» деп көрсетілген. Кенеттен басталған Ұлы Отан соғысында олардың бөлімдері Могилевте бір ай бойы ұрыс жүргізіп, оны жауға бермей ұстап тұрады. Бірақ күші басым фашистер 28 шілдеде Могилевті, қыркүйек айының соңында Белоруссия жерін тегіс басып алады. Осынау алапат шайқас кезінде бөлімінен, командирінен ажырап қалған Рахметолла Әмірғалиұлы жаралы екі жолдасымен қалың ағаш арасын паналайды. Ауыр жараланып, көп қан жоғалтқан қаруласының біреуі кешікпей көз жұмады. Аштық, шөл, шарасыздық, жауға деген ашу-ыза еңселерін езсе де, қалған екеуі тығырықтан шығар жол іздеп, орман ішін көп кезеді. Бірлі-жарымды өзге бөлімдердің солдаттарын жолықтырғанымен, бір-бірлеріне сенбейді. Әрқайсысы өз бөлімін, өз командирін кездестіруге үмітті. Осылайша жалғыз-жарым кезіккендер саны жеті адамға жеткенде, олар немістердің қоршауына түсіп қалады. Жан азабы мен тән азабы қорлығын сонда көреді. Ақыры оларды жар басына атуға тұрғызып, мылтық шүріппесі басылғанша Р.Егізбаев жанындағыларға қашуға белгі беріп, бәрі жардан төмен секіріп кетеді. Ізінше атылған оқ бас көтертпей, жусатып салады. Араларында екі адамның тірі қалғанын немістер білмейді. Содан Рахметолла Әмірғалиұлы әлгі жаралы жолдасымен Беларуссияның қалың, батпақты орманын паналап, шөп тамырын сорып, жабайы жидектерді талғажау етіп, қайта тіршілік етуге көшеді. Орман іргесінен жау әскері мен қару-жарақ тиеген көліктер күнде толассыз өтіп жатады.
Ал осы кезде Белоруссия КП(б)ОК шешімі негізінде «Жау басып алған аудандардың партия ұйымдары астыртын әрекетке ауысу жұмыстары» басталып кеткен-ді. Тарихи деректерде 1941 жылдың 1 тамызында жау басып алған Белоруссия аумағында 12 мыңнан астам мүшесі бар 231 партизан отряды құрылғаны, жылдың екінші жартысында 7254 адамды қамтыған 437 партизан отряды мен топтары жергілікті халықпен астыртын байланыс ұстап, кек алу шайқастары мен қарсылық әрекеттер жасағаны баяндалады (Партархив института при ЦК КП Белоруссии, ф. 4, оп.33 а, д. 524, л.22; д.65, л.55; д.6, л. 77). Біздің әңгіменің арқауы болып отырған ормандағы екеу де сондай астыртын топқа кезігіп, Якимов басқарған №20 отрядқа мүше болады. Белоруссия мұрағатынан алынған құжатта Р. Егізбаев жоғарыда аталған отрядтың жеке құрамы туралы тізімде 14-інші болып тіркелгенімен, тағы да аты-жөні Икзбаев Рахметулл деп жазылыпты. Якимов отрядының іс-қимыл әрекеттері туралы түпнұсқа құжатта олардың Орша-Коханова тас жолы бойында басқыншылардың жүк көлік колоннасына тұтқиылдан шабуылдап, оны жойып жібергені көрсетілген. Онда отряд мүшесі Р.Егізбаевтың 1942 жылдың 22 сәуірінде Ельковщина, мамыр-шілде айларында Уланова, Браховск гарнизондарын талқандауға, Жукнева деревнясындағы ашық ұрысқа қатысқаны да жазылған. №20 партизан отряды кейін өзге бытыраңқы отрядтармен бірігіп, Могилев облысындағы үлкен «Чекист» бригадасына айналады. Оны басқарған Г. Н. Кирпич соғысқа дейін Батыс шекара заставасының 17-інші Қызыл Тулы шекара заставасы командирі болса, Р. Егізбаев құрамында болған отрядтың командирі Б. Н.Клюшников те әскери адам. Осындай командирлердің сенімінен шыққан қатардағы жауынгер Р.Егізбаев Жауынгерлік жедел топ (ВОГ) сапында адал қызмет етеді. «Чекист» партизандары Рацев орманына мықтап орнығып, бөренелерден баспаналар, жертөлелер тұрғызып, арнайы бақылау бекеттерін орнатады. Әрі орман аймағындағы бірнеше елді мекенді жаудан тазартып қана қоймай, әскери тұтқындар лагеріне жөнелтілгелі тұрған Кеңес Армиясының жиырма шақты солдаты мен офицерін құтқарып қалады. Р.Егізбаевтың жеке әскери қызметі мен ерліктері көрсетілген қысқа мазмұнды құжатта оның 1942 мен 1943 жылдың шілдесі аралығында «Чекист» партизан құрамасында батыл да табанды партизан, әрі взвод коменданты болғаны да көрініс тапқан.
1942 жылдың 9 қыркүйегінде КСРО Мемлекеттік Қорғаныс комитеті партизан қозғалысының Белорус штабын құру туралы арнайы бұйрық шығарады. Сонымен бірге бұл партизан отрятына қару-жарақ, оқ-дәрі, байланысшы, аудармашы, медицина қызметкерлері ұшақпен жеткізіледі. Енді «Чекист» партизан бригадасы Қызыл Армия әскерімен күш біріктіріп, әрекет етеді. 1943 жылдың тамыз айының үшіне қараған түні Шклов Жауынгерлік жедел топ отряды Белоруссияның барлық аймағындағы партизандармен бірлесіп, атақты «рельс соғысына» қатысады. Яғни Толочин-Бобр, Орша-Могилев арасында-
ғы теміржол қатынасын істен шығарады. Осындай біріккен әрекеттер негізінде 1944 жылдың 18 маусымында Шклов қаласы жаудан тазартылып, «Чекист» бригадасы қалаға келіп тұрақтайды. Осы ретте айта кетелік, жерлесіміз Р. Егізбаев пен оның қарулас жолдастары 1944 жылдың шілдесінде неміс-фашист басқыншыларына қарсы күресте көрсеткен ерлігі мен табандылығы үшін екінші дәрежелі «Отан соғысы партизаны» медалімен марапатталған. Төмендегі жайтқа да назар аудара кетелік. Осы кезде бас штабтың ұйғарымымен кезінде қоршауда қалып, кейін партизандарға қосылған жауынгерлерге өз бөлімдеріне, не басқа құрамаларға баруға рұқсат етіледі. Бірқатар әскери қызметкерлерге қысқа мерзімді демалыс та беріліпті. Солардың қатарында біздің жерлесіміз Р.Егізбаев та бар. Әскери басшылық оның 1939 жылдан армия қатарында жүргенін, партизандық қозғалыс кезіндегі жанқиярлығы мен үлгілі тәртібін, Белоруссияның ылғалды, батпақты орманында үш жыл бойы бастан кешкен азапты өмірін және жарақатын ескерген секілді.
Сондай-ақ үлкен баласы: «Әкеміз 1944 жылы демалысқа келе жатып, есепке тұру үшін облыс орталығындағы әскери комиссариатқа соғады. Мұндағылар оған теріс қабақ танытып, соғысқа жасақталып жатқан командаға қайта қосып жібермекші болған. Іске егделеу бір офицер араласып, есепке Чапаевқа барып тұруы керектігін түсіндіріп, әкемді сонда жіберіпті. Тағы бір қайран қалатыным, Оралдан сонау Ордаға немен, қалай жетті екен деп ойлаймын», – деп кейінге естелік жазба қалдырыпты. Қысқасы, Нарын құмға табаны тиген партизан-майдангер анасымен, туған жерімен қауышып, мауқын басып, аз күнгі демалыс уақыты біткен соң, қайта майданға аттанады. Содан елге 1947 жылы оралыпты. Бір қызығы, сегіз жыл жауынгерлік жолдан өткен Р. Егізбаевтың партизандық өмірі жайлы еш әңгіме қозғалмаған.
Біз ол кісі туралы ізденіс барысында 1952 жылы Орда ауданы таратылғанда Егізбаевтар отбасы мүше болған Орда ауданының Теректі ауылдық кеңесіне қарасты «Куйбышев» ұжымдық шаруашылығының 267 отбасы 427 жылқы, 66 түйе, 230 сиыр, 1052 қой және 23 ешкі малымен облысымыздың Чапаев ауданына көшірілгендігі туралы деректі таптық. Олар алғашқы барған Мергеннен кейін Жайықтың Қызылжар бөлімшесіне ауыстырылыпты. Мұнда басыбайлы баспана болмағандықтан, ағалы-інілі Рахметолла, Ибатолла Егізбаевтар күндіз меңгеруші мен бухгалтер отыратын бөлімше кеңсесінің пешпен бөлінген екінші жартысына орналастырылады. Екі отбасына бір сауын сиыр беріледі. Рахметолла Әмірғалиұлы сол жылдың аяғында Оралға оқуға кеткенде ағайындылардың бір-біріне қамқорлығына, бауырмалдығына, еңбекқорлығына ауыл халқы тәнті болады. Оқуын бітіріп келгеннен кейін де Рахметола Егізбаев Чапаев (Шағатай) ауылық кеңесіне хатшы болып, айдамалы жұмыс жасайды. Бауырынан өрбіген он баласына адамдық қасиеттерді үйретуден еш жалықпайды. Ол кісінің қанағатшылдығы сондай, тапшылық уақытта да ешкімнен ештеңе сұрамайтын, дауласпайтын, арлы азамат болыпты. Ал іс-қағаздарын жүргізудегі сауаттылығы мен жазуының өз мінезіндей көркемдігі Чапаев (Ақжайық) ауданының мұрағатында сақталған материалдарда және сол кездегі дүниеге келген сәбилердің туу туралы куәліктерінде өшпес ескерткіш боп қалған.
Адам армансыз болған ба?! Рахметолла ағамыз бертін келе балаларына партизандық жорық жолдары өткен Белоруссияның бүгінгі бейбіт өмірін көргісі келетінін айтыпты. Алайда соғыс салған жарақаты оған мүмкіндік бермейді. Нарын құмның нар ұлы 1987 жылы 71 жасында Теректі (қазіргі Ақжайық) ауданының Шағатай ауылында мәңгілік сапарға аттанады.
Партизан-майдангердің соғыс жылдары өзіне қорған болған Белоруссия орманы мен шайқастың өткен жерлерін көргісі, қаруластары жөнінде білгісі келген тілегін кейіннен ұрпақтары жүзеге асырыпты. Әрі олар Белоруссия елінде партизандық жауынгерлік жорық жолынан өткен бірнеше батысқазақстандық майдангердің дерегін өздерімен ала келген көрінеді.
Мың тағзым саған, майдангер! Біз өзіңізге мәңгі қарыздармыз, Жеңіс солдаты.
Гүлжиян Сапарғалиева,
БҚО Хан ордасы тарихи-
мәдени, архитектуралық-
этнографиялық музей
қорығының ғылыми қызметкері