Переметныйда халықтың рухани қазынасын дәріптеуге бағытталған «Батаменен ел көгерер» атты батагөй қариялар сайысы өтті. Шараның негізгі мақсаты – жас буынға батаның мәні мен маңызын терең ұғындыру, батагөй аталар мен әжелердің абыройлы дәстүрін насихаттау, үлкеннің ақ батасын қадірлеуге баулу, сондай-ақ келер ұрпаққа өнеге ету.

Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әли Темірбаев батаның жастарға үлгі-өнеге, тәрбие беретін құндылық екенін атап өтті.
Дәстүрді дәріптеген бұл сайыс үш кезеңнен тұрды. Біріншісінде қатысушылар өздерін таныстырды. Содан соң қатысушылар халқымыздың бай мұрасынан алынған немесе өздері шығарған баталарын оқыды. Айта кету керек, авторлық бата ұсынғандарға қазылар тарапынан қосымша бір балл берілді. Соңғы кезеңде қариялар жеребе арқылы салт-дәстүрге қатысты тақырып таңдап, соған сай бата айтты. Тақырып пен мазмұн үндестігі, сөз саптауы, батаның мәндік қуаты мен көркемдігі бағаланды.

Байқау қорытындысы бойынша аудан басшылығының алғысхатымен Егіндібұлақ ауылдық округінен келген Сақыпжамал Нұрқабыл мен Бейбітшілік ауылдық округінің тұрғыны Талғат Халиуллин марапатталды. III орынды янайкиндік Нұржамал Жақсымбетова алса, II орын Дариян ауылдық округінің қатысушысы Құрман Ассаупқа бұйырды. Ал бас жүлдені өзінің ойынан жеті бірдей бата шығарып, көрермен мен қазылардың жоғары бағасын алған Байқоныс ауылдық округінің батагөйі Сыйлыбай Құспанов еншіледі.
Байқау қорытындысында сөз алған қазылар алқасының мүшесі, «Бәйтерек ауданның құрметті азаматы», Зеленое ауылының тұрғыны Амангелді Мыңбаев бата беру мәдениетіне тоқталды.

– Бүгінгі сайысқа қатысқандардың баршасына дән ризамыз. Бұл іс-шараның жыл сайын дәстүрлі түрде өтуіне ұйытқы болып жүрген аудан басшылығына, соның ішінде ішкі саясат бөліміне алғыс айтамын. Өкінішке қарай, бата беру негізінен мерекелік күндерге ғана телініп барады. Көбіне Наурыз мейрамында айтылатын болды. Ал жастар жағы бұл өнерді үйренуге аса пейілді емес. Дегенмен біз, батаны білетін үлкендер, көзіміз тірі тұрғанда осы дәстүрді жалғастырып, ауыздан-ауызға жеткізуге тиіспіз. Батаны бүгінгі ұрпақ та, келешек буын да білуі шарт, – деді ол өз сөзінде.
Салтанат Серікбайқызы
Бәйтерек ауданы