15.06.2025, 20:12
Оқылды: 185

Переметныйда көпбалалы аналар арасында байқау өтті

Переметныйда көпбалалы аналар арасында облыстық «Асыл ана – 2025» байқауы өтті.

IMG_20250615_180521_940

Анаға деген айрықша құрмет пен тағзымға негізделген бұл байқау — отбасы құндылықтарын дәріптеп, көпбалалы аналардың қоғамдағы рөлін насихаттауға бағытталды. Іс-шараның алғашқы бөлігі «Шың» театрының алаңында ұйымдастырылды. Смокинг киген жігіттер аналарға гүл шоқтарын ұсынып, оларға құрмет көрсетті.

IMG_20250615_180424_524
Одан соң жиналғандар «Анадан басталады...» атты сырласу үстелінде басқосты. Онда аналар өздерінің өмірлік жолымен, бала тәрбиесіндегі тәжірибелерімен бөлісіп, қоғамдағы ананың рөліне қатысты ой-пікірлерін ортаға салды. Сұхбат барысында қатысушылар түрлі аталымдар бойынша марапатталып, естелік сыйлықтар табысталды.
Байқауға арнайы қонақ ретінде қатысқан Жамбыл облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының директоры Элмира Мырзағали, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жақсылық Абдолов және аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев байқауға қатысушыларға жүрекжарды лебіздерін арнады.

IMG_20250615_180540_253
Байқаудың негізгі бөлімі төрт кезеңнен тұрды. Олар «Мен анамын – ұрпағын әлдилеген», «Балаларға қуаныш сыйла», «Сұрақ-жауап», «Орамал – сан ғасырлық сән» деп аталды. Мұнда қатысушылар бейнеролик арқылы өз отбасын таныстырып, сахнада балаларының қатысуымен шағын көрініс қойып, ерекше дастархан жайды. Ана мен бала тақырыбында қойылған ситуациялық сұрақтарға жауап берді. Ұлттық салт-дәстүрге сай орамал тағудың үлгілерін көрсетті.
Қазылар алқасының құрамында өңірге белгілі қоғам белсенділері мен мәдениет саласының өкілдері болды. Атап айтқанда, Талшынай Жүніс – БҚО ҚХА Аналар кеңесінің мүшесі, Круглоозерное арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры, Күләш Мәлікқызы – «Ақ ниет» әжелер ансамблінің мүшесі, Бибігүл Ахметжанова – «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы, Жеңісгүл Жаңабаева – аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры, аудандық аналар кеңесінің төрайымы, Толқын Исмағұлова – «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы, көпбалалы ана.

IMG_20250615_180452_802
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Амангүл Сисенова (Жаңақала ауданығ 140 000 теңге), І орынды Мерует Ешниязова (Бәйтерек ауданы, 110 000 теңге), ІІ орынды Перизат Ермекбаева (Казталов ауданы, 85 000 теңге), ІІІ орынды Гүлім Жұбаниязова (Теректі ауданы, 65 000 теңге) иеленді.

IMG_20250615_180439_580

Сондай-ақ тасқалалық Дария Елешова «Алтын киіпті ана» (35 000 тг), бәйтеректік Айзада Аманғалиева «Жасампаз ана» (30 000 тг), Кәмшат Қондыкерова «Шығармашыл ана» (30 000 тг) , шыңғырлаулық Әсел Өтеулиева «Ардақты ана» (30 000 тг) аталымдарына ие болды.

Саида Жайық
Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале