«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында Переметныйда құқық қорғау құрылымдарының өкілдері аудан мектептерінің жоғары сынып оқушыларымен және колледж студенттерімен кездесті.

-Мемлекет басшысы өз Жолдауларында қоғамдық тәптіп пен заңдылықты қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру мәселелеріне айырықша назар аударып келеді. Президент тапсырмасына сәйкес бүгінде елімізде «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы кезең-кезеңмен іске асырылуда. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – құқықтық тәртіпті нығайту, азаматтардың заңды құрметтеу жауапкершілігін арттыру және кәмелетке толмағандардың нашақорлық пен есірткі бизнесіне тартылуын алдын алу.

Ел болашағы болып табылатын жастардың бойында адалдық, әділдік және заңға құрмет сезімін қалыптастыру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Соған орай мемлект тарапынан түрлі іс-шаралар алынуда. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған кездесу соның бір айқын дәлелі,-деді жиынды ашқан аудан әкімінің орынбасары Лауаз Уәлиев.
Өз кезегінде сөз алған аудан прокуроры Алмас Меңлібаевтың айтуынша, қоғам дерті болып табылатын нашақорлықпен күрес ешқашан тоқтамақ емес. Жыл өткен сайын есірткіге қатысты қылмыс саны артуда, оған баратын жастар да азаймай отыр. Сол себепті бұл бағыттағы заң талаптары қатайып келеді. Есірткіні жасау, тасымалдау, сату – бәрі ауыр санаттағы қылмыс болып саналады. «Аудан әкімдігі, аудандық прокуратура, аудандық полиция және қоғамдық ұйым бірлесе ұйымдастырған осынау кездесудің мақсаты да жас ұрпақты мұндай келеңсіз істен аулақ болуға шақыру,-деді Алмас Базарханұлы.-Жастар есірткіге қатысты істермен айналысқанша, уақыттарын ілім-білім алуға, ана-аналарына көмектесуге, жақсылықтың жаршысы болуға жұмсаса екен дейміз».
Осынау кездесуге Оралдан арнайы келген БҚО полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Бағдат Түгелов осындай маңызды іс-шараны ұйымдастырған жергілікті атқарушы құрылымға, аудандық прокуратура, полиция органдарына, «Яңарыш» қоғамдық бірлестігіне алғысын білдірді.

- Қазіргі таңда есірткіге негізінен 18-25 жас аралығында жастар, соның ішінде студенттер тартылған. Биылдың өзінде біздің қызметкерлер есірткі таратумен айналысып жүрген 3 студентті ұстады. Бүгінде бұл студенттер уақытша ұстау изоляторында, өздерінің үкімдерін күтіп, қамауда отыр. Сол себепті бәйтеректік жастарды да осынау істерден сақтандырғым келеді. Мұндайға тіптен жоламаңдар. Есірткі – бұл жамандық. Базбіреулер «Бір рет дәмін татсаң, не бір рет тасымалдап көрсең, ештеңе болмайды» деуі мүмкін. Ондайға сенбеңіздер. Бір басталған нәрсе жалғасын табады. Сендер – елдің ертеңісіңдер. Ата-ана, тума-туыс, ұстаздарың, отандастарың сендерге сеніп отыр. Сабақтарыңды жақсы оқып, артқан сенімді ақтаңдар,-деді Бағдат Аманжолұлы.
Спикерлердің сөзінен соң нашақорлыққа қарсы күрес тақырыбындағы жаңа бейнероликтің тұсаукесері өтті. Аудандық ішкі саясат, аудандық полиция бөлімдері мен БҚО полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бірлесіп дайындаған бейнероликтен соң қойылымның режиссері мен актерларына құрмет көрсетілді.

Кездесу барысында сөз алған БҚО полиция департаментінің кинологиялық қызмет орталығының инспекторы, полиция капитаны Мержан Оразғұловтың кинологиялық орталық туралы сөзі мен қызметтік иттердің есірткі заттарын табуы сахнадағы көрістерін жиналған жастар қызыға көріп, тыңады.
Айта кетейік, аталған іс-шараның өтуіне ауданының ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысы негізінде «Яңарыш» қоғамдық бірлестігі ұйытқы болды.
Қуаныш Қали
Бәйтерек ауданы