Республика күні аясында Переметныйда «Отбасы – ел тірегі» атты аудандық туристік спорттық толағай сайысы өтті. Іс-шара еліміздің Әнұранымен ашылып, аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиевтің жиналғандарды мерекемен құттықтауымен жалғасын тапты.
Ол өз сөзінде отбасындағы ата-ана мен баланың рөліне тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Баршаңызды Республика күнімен құттықтаймын. Сонымен қатар биыл ауданымыздың 85 жылдық мерейтойы аясында көптеген іс-шаралар өтіп жатыр. Бүгінгі отбасылық спорттық шара – осы мерейтойдың бір дәлелі. Мұндай шаралар ата-ана мен баланың арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, өзара сыйластықты арттыруға ықпал етеді. Спорттық ойындарда бірге белсенділік танытып, ортақ шешімдер қабылдау арқылы ата-ана мен баланың байланысы одан әрі күшейе түседі. Бүгін балалар өз ата-аналарын тек мұғалім, полиция, шекарашы ретінде ғана емес, дос ретінде де танып жатыр, – деді Ерлан Ерсайынұлы.
Сайысқа алты отбасылық команда қатысты. Олардың қатарында аудандық аурухана атынан Жұмағалиевтер отбасы, полиция бөлімінен Әубекеровтер, білім беру бөлімінен Мусалимовтер, Бәйтерек спорт клубынан Нагимовтар, шекарашылардан Бисенғалиевтер және мәдениет бөлімінен Жекеновтер отбасы болды.
Екі кезеңнен тұратын сайыста командалар түрлі спорттық ойындарда өзара бақ сынасты. Бірінші кезеңде топтар өздерін таныстырса, екінші кезеңде «Кочки», «Маятник», «Асық ату», «Тышқан қақпағы», «Лабиринт», «Гусеница» сияқты эстафеталық ойындарда жарысты.
Жарыс нәтижесінде «Белсенді отбасы» аталымын Мусалимовтер отбасы, «Парасатты отбасы» аталымын Жұмағалиевтер отбасы, ал «Үлгілі отбасы» аталымын Әубекеровтер жанұясы иеленді.
Нагимовтер отбасы – ІІІ, Жекековтер – ІІ, ал жүлделі – І орынды Бисенғалиевтер отбасы жеңіп алды.
Жеңімпаздарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Салтанат Серікбайқызы
Бәйтерек ауданы