Переметныйдағы «Шың» сазды-драма театрында «Ақ ниет» әжелер ансамблі және «Айсұлу» қыз-келіндер клубының ұйымдастыруымен ұрпақ сабақтастығын насихаттауға бағытталған шеберлік сағаты өтті.
Онда қазақы әдет-ғұрып, тұрмыс салты «Табақ тарту», «Көрпе жасау», «Ұршық иіру», «Жүн сабау» әдістерінен шеберлік көрсетілді.
Тағылымды іс-шарада сөз алған аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр ұрпағым ұлағатты болсын деп, өнерін үйретуге келген алтын қол әжелерге алғысын білдірді.
– Күні кеше ашылған қыз-келіншектер клубының әжелерімізбен бірге ұлттық дәстүрді дәріптеуге деген құлшынысы қуантады. Мұндай шаралар берекенің бастауы – келін мен ене арасындағы сыйластықты нығайтып, байырғы дәстүрлерімізді жаңғыртуға себепкер деп білемін. Өздеріңізге аян, Астана қаласында Көшпенділер ойынының дүбірлі додасы өтіп жатыр. Бүкіл әлем көз салып, сарқылмас байлықтарымыз дәріптеліп, ұмыт болған дәстүрлеріміз, ойын, ән-билеріміз жаңғырып, жаңашыл стильде жарық көруде. Сондықтан «Орнында бар оңалады» демекші өздеріңіздей әжелер барда біздің қоғам ұлттық құндылықтарымызды ұмытпайды деп сенемін. Осындай шеберлік сағаттары мектеп оқушылары арасында өткізілсе де құба-құп. Ұйымдастырушы «Шың» сазды-драма театры ұжымына алғысым шексіз, - деді Нұржан Тоғызбайұлы.
Іс-шара аясында «Ақ ниет» әжелер ансамблі мен «Айсұлу» қыз-келіндер клубы бірігіп тұрмыстық салт-дәстүр бойынша шеберлік сағаттарын өткізді.
Әжелер ата-баба аманатын ұрпаққа табыстаудың маңызын әңгімеледі. Мәселен, әжелер ансамблінің мүшесі Күләш Үмбаева табақ тарту дәстүрінің қыр-сырын түсіндірді.
Табақ құрметті мейманға таратылып, табақтың өзі – кәделі табақ, құдағи табақ, орта жастағы ерлер табағы, жастарға, жас әйелдер мен қыз-қырқынға табысталатын табақтар болып бірнеше түрге бөлінетінін айтты.
Сондай-ақ ұршық иіріп, жүн сабаудың да әдіс-тәсілін баяндады. Ал шеберлік сағаты барысында аудан өнерпаздары ескі әрі есті әндерді орындап, әсерлі кештің шырайын кіргізді.
Салтанат Зұлқарнаева
Бәйтерек ауданы