Переметный ауылындағы аудандық мәдениет үйінде жас сазгер, ақын әрі әнші Мейірбек Жанболаттың «Өнерім – өмірім» атты шығармашылық кеші өтті.
Кеш шымылдығы Тоқтар Серіков орындауындағы «Арнау» әнімен ашылды. Шығармашылық кеш барысында Мейірбек Жанболат Ғазизхан Шекербековтің «Әке-ана», Шәмші Қалдаяқовтың мәңгілік туындылары, Қадыр Мырза Әлидің сөзіне жазылған «Сыған серенадасы», сондай-ақ өзінің шығармашылық туындылары – «Махамбеттің термесі», «Молдабайдың әні», «Махаббатым-ай», «Аппақ көйлек», «Қызғанамын», «Айкөркем», «Қиялдағы ару», «Кеудеме күй тұнды» әндерін орындады.
Кеште арнайы бимен «Қазына» би ансамблі, ал музыкалық сүйемелдеумен «Ғасыр band» вокалды-аспаптық ансамблі өнер көрсетті.
Кеш соңында аудандық мәдениет, спорт және тілдерді дамыту бөлімі басшысы Нұржан Дүзбатыр сөз сөйлеп, Мейірбекке шығармашылық табыс тіледі:
– Бүгін алдарыңызда Мейірбек бауырымыз кезекті есеп беру кешін өткізіп жатыр. Абай бабамыз айтқандай, әркім қай бағытта жүргенін түсіну үшін өзіне есеп беріп отыруы қажет. Осылайша, өнер адамының ең үлкен жетістігі – халықтың қошеметіне ие болу, тыңдарманға ән кешін ұсыну. Біздің ауданымызда концерттік кеш ұйымдастыратын саусақпен санарлық өнерпаз бар. Соның бірі – Мейірбек. Ол жастығына қарамастан әр қырынан танылып, биік белестерді бағындырып жүр. Домбырамен де, эстрада жанрында да шебер өнер көрсетуің – еңбегіңнің ақталғаны. «Қазақстан дауысы» республикалық байқауына қатысып, талантыңды елге таныттың. Қиындықтарға мойымай, әр сәттен сабақ ала отырып, биікке ұмтылғаның – үлгі аларлық қасиет. Саған үнемі қолдау білдіріп келе жатқан ата-анаңа, жарыңа ризашылығымызды білдіреміз. Ұрпағың да өнеріңді жалғастырып, сенің жолыңды қуатын болады деп сенеміз, – деді Нұржан Тоғызбайұлы. Сондай-ақ ол аудан әкімі атынан Мейірбекке алғысхат табыстап, шығармашылық табыс тіледі.
Салтанат Зұлқарнаева
Бәйтерек ауданы