Переметный ауылында «Бәйтерек жастары: кешегі оқушы, бүгінгі студент, ертеңгі маман» атты форум өтті.

«Яңарыш» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастырған жиынның мақсаты — аудан жастары арасында жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру, кәсіби бағдар беру, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар жөнінде толық ақпарат ұсыну, сондай-ақ студенттер мен жас мамандарға тәжірибе алмасу мүмкіндігін жасау.

Іс-шара ашқан аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев қазіргі, яғни жаһандану заманындағы жастар мен кеңестік дәуір жастарының арасында үлкен айырмашылық бар екенін айтты.
- Технологияның дамуы жастардың ойлау қабілетінің тез өсуіне мүмкіндік беріп, олардың қоғамдағы өзге жандардан бір саты жоғарылауға мүмкіндік берді. Мәселен, Қытайдағы ЭКСПО-да жастарымыз төлемді алақан арқылы жасау болатынын ойлап тапты. Сол секілді болашақта Қазақстанның даңқын әлемдік деңгейге артыратын жастардың арасыда біздің жерлестеріміз көптеп шығады деп сенеміз. Оған мемлекет тарапынан барынша жағдай жасалуда. Мысалы үшін ауданымызда «Келешек мектептері» бағдарламасы аясында салынған білім ұялары және мәдени-спорттық кешендер бар. Жастарымыз өздерін толыққанды дамыту үшін осы жаңа нысандарды барынша тиімді пайдаланулары керек,-деді Ерлан Ерсайынұлы.
Ауданның бас прокуроры Алмас Меңлібаев та жастарға жылы лебізін білдіріп, өзінің 24 жылдық тәжірибесімен бөлісті. Ол студенттер мен жас мамандарға мақсатқа жету жолында кездесетін кедергілерге қарамастан тайсалмау керектігін айтты. Сонымен қатар, өз саласында былтырдан бері екі бос жұмыс орны болғанын, жастардың көбіне қаржылық қиындықтарға тап болатынын атап өтті. «Десек те, біз азғантай жалақымен еңбекке араластық, өлген жоқпыз,-деді ол.-Ең бастысы — талмай еңбек еткеніңнің арқасында осы дәрежеге жеттік. Қиындықтар уақытша, оған шыдай білу керек. Талмай еңбектене білген адам ғана білікті маманға айналады, мақсатына жетеді».

Форумның шығармашылық бөлімі — Brainstorm пікір алмасу алаңы — аудан жастары үшін қызыққа толы болды. Бұл бөлімге мектеп президенттері мен белсенді жастар қатысты. Қатысушылар 2026 жылға арналған өзекті, жаңа форматтағы іс-шаралар бойынша идеяларын ортаға салды. Бірнеше топқа бөлінген жастар өз ұсыныстарын қағаз бетіне түсіріп, 20 минутқа созылған бірлескен талқылау барысында әр команда аудан жастарының бос уақытын тиімді ұйымдастыру, кәсіби дағдыларын дамыту, волонтерлік және шығармашылық жобаларды ілгерілету бойынша нақты ұсыныстар жасады.
Кездесу барысында оқушылардың болашақ мамандық таңдаудағы бағыт-бағдары сөз болды. Онда мамандыққа сәйкес пәндерді дұрыс таңдау, ҰБТ-ға дайындық жоспарын құру, өз қызығушылығы мен қабілетін шатастырмау керектігі айтылды. Сондай-ақ, оқу барысында тек білім алумен шектелмей, қоғамдық жұмыстар мен жобаларға да белсенді қатысу қажеттігіне назар аударылды. Спикерлердің сөзінше, студенттің төрт жылдық тәжірибесі оның болашақ тұлға ретінде қалыптасуының іргетасын қалауға септігін тигізеді.

Форумнан кейін QUIZ интеллектуалдық ойыны форматында жалғасын тапты. Бес кезеңнен тұрған ой сайысы қорытындысы бойынша «Бәйтерек қырандары» командасы үздік атанды.
Салтанат Серікбайқызы
Бәйтерек ауданы