9.05.2025, 17:00
Оқылды: 360

Переметныйда Жеңістің 80 жылдығына мемориалдық тақта ашылды

Переметный ауылындағы орталық «Жеңіс» саябағында «Тағзым мен даңқ күні» атты салтанатты митинг өтті. Салтанатты іс-шара Ұлы Жеңіс мерекесінің 80 жылдығына арналған мемориалдық тақтаны ашумен бастау алды. Ескерткіш тақтаны ашу құрметі тыл ардагері Ұмсын Салимова, соғыс ардагерінің ұрпағы Ұлболсын Галиева мен полиция ардагері Нұрболат Қожекеновке ұсынылды.

IMG-20250509-WA0068

Сұрапыл жылдардың салдарын сезініп, майдангерлерге соғыс салған жараны көрген ардагер буын бүгінгі бейбіт күннің ұрпағына тыныштық пен татулық тіледі. Барша қатысушылар бір минут үнсіздікпен Отан үшін от кешкен батырларды еске алды.

IMG-20250509-WA0069
Келесі кезекте сөз алған аудан әкімі Марат Тоқжанов Жеңіс күнінің тарихи маңызына тоқталып, бұл күн – ерліктің және ел бірлігінің символы екенін атап өтті.

IMG-20250509-WA0070

- 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Өкінішке орай, уақыт өткен сайын сол сұрапыл соғысқа қатысқан жауынгерлердің қатары сиреді. Бірақ ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды. Өйткені, біздің тарихымыз – біздің тағдырымыз. Ұлы Отан соғысы біздің халқымыздың, батыр бабаларымыздың, әкелеріміз бен аналарымыздың биік рухын, ерлігі мен қаһармандығының көрінісі. Осынау сұрапыл соғысқа Бәйтерек ауданынан 8618 адам аттанса, олардың 3533-і елге қайтып оралған жоқ. Кеңес одағы Батыры атағын алған 528 қазақстандықтың 5-еуі біздің жерлестеріміз! Бүгінгі жас ұрпақ аға буынның ерлігіне сүйсініп, өткенге үнемі ұлағат таныта білуі маңызды. Өйткені бұл патриоттық тәрбие, келешекке шынайы тарихты аманаттау.

Баршаңызды бүгінгі Жеңіс күні мерекесімен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін! Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын!,- деді Марат Лұқпанұлы.

IMG-20250509-WA0071

Сондай-ақ 2015 жылдың 9 мамыр күні «Жеңіс» саябағында ардагерлерімізден өскелең ұрпаққа өсиет қалдыру мақсатында «уақыт капсуласы» орнатылған болатын. Бүгін сол уақыт капсуласын ашу сәті Қ.Аманжолов ЖОББМ озат оқушылары Данат Мусалимов, Аянат Тоғызбай және Переметный ЖОББМ-нің шәкірті, республикалық олимпиадалардың жүлдегері Данияр Абдесовке бұйырып, олар көпшілікке аға буынның аманат-тілегін оқып берді. Ал 2035 жылдың ұрпағына өсиет тапсыру аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мәлік Өтешевке табысталды.

IMG-20250509-WA0074

Кейін алаңда майданда қаза тапқан ерлер құрметіне гүл шоқтарын қою рәсімі орындалды. Аудан әкімі Марат Тоқжанов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мәлік Өтешев, аудандық мәслихат хатшысы Нұрлыбек Хайруллин мен ардагер Николай Анципрович, аудандық Amanat партиясы филиалының төрағасы Бибігүл Ахметжанова және «Сенімді болашақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Арман Айтпаев, аудандық полиция бөлімінің бастығы Төребек Маратов және полиция ардагері Нұрболат Қожекенов, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау майоры Николай Сламихин мен Бәйтерек және Тасқала аудандарының қорғаныс істер жөніндегі біріктірілген бөлім бастығы майор Асхат Нигимов Мәңгілік алауға гүл себеттерін, бөлім және мекеме басшылары, ауыл тұрғындары гүл шоқтарын қойды.

IMG-20250509-WA0073
Салтанатты жиын соңы патриоттық әндер әуелеген концерттік бағдарламаға ұласты.

Гүлім Орда
Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале