24.11.2020, 11:33
Оқылды: 133

Пікірталас алаңы қажет

Мемлекет басшысы "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын ұсынғаны мәлім. Осы орайда шенеуніктер мен халық арасында еркін пікір алмасуға мүмкіндік беретін пікірталас ашық алаңын ашу қажет деп ойлаймын. Бұл халық үшін өте маңызды әрі қажет бастама.

405569BB-961C-4AA7-8662-9DACE499D9BF

«Шенеуніктердің міндеті – ең алдымен халыққа қызмет ету. Олар ел жұрттың мұң-мұқтажына құлақ аспағанда кім құлақ асады? Осы қағиданы барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілердің санасына сіңірген жөн» деген болатын. Сондықтан мемлекет басшысының ұсынысын жергілікті жерде жүзеге асыру, халықпен қарым-қатынасты жолға қою – басты ұстаным. Егер Тасқала ауданында еркін пікір алмасып, ұсыныстарын айтуға мүмкіндік беретін ашық алаң ашылса, ауданның тыныс-тіршілігіне бейжай қарай алмайтын жанашыр, шындықты шырылдап айтатын жандардың белсенділігі артып, халық пен билік арасында қарым-қатынас нығая түсер еді. Пікірталас алаңы клубының мүшелері қатарында үлкен-кішіге сөзі жүретін ел азаматтары, қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйым өкілдері мен депутаттар, жалынды жастар, ұлт жанашырлары, БАҚ өкілдері болуы керек. Клубтың жұмыс жоспары бекітіліп, әрбір үш ай сайын өткізіліп тұрса, онда клуб мүшелері белсенділік танытып, түрлі салаға қатысты сын-ескертпелерін, ұсыныстарын ортаға салған уақытта ғана ұйым жұмысының оң нәтиже берері сөзсіз. Тасқала ауданында ауқымды атқарылып жатқан жұмыстар баршылық, кемшіліктері де жоқ емес. Мысалы, жер, денсаулық, жастарды жұмысқа орналастыру, тұрғын үй, электр жарығы, су мәселелері, балалар тәрбиесі, отбасында орын алған келеңсіз жағдайлар, зорлық-зомбылық пен қоғамдық тәртіп басты назарда болуы шарт. Әр мәселеге орай, мекеме басшылары пікірталас клубында ойларын ортаға салып, талқылап отырса, біраз атқарылған жұмыстар мен кемшіліктердің беті ашылар еді. Мына мысалды айтпасқа болмайды. Әлемді жайлаған коронавирустың шарықтап тұрған уақытында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың зардабын тартқандар ауданда да жоқ емес. Құдай оның бетін әрмен қылсын!

Кейбір әкелердің отбасының ойранын шығарып жүргенін естіп те, көріп те жүрміз. Әке мен шеше бір-бірінен кінә іздеп, айтысып, тартысып жүргенде екі ортада қараусыз қалған балалардың теріс жолға түсіп кететінін ескермейтіні қынжылтады. Осындай әйелдер мен балалар құқығын қорғау мәселесіне құзырлы органдар атсалысып, ашық алаңда талқыланса, халықпен қарым-қатынас нәтиже берер ме еді дейсің. Тұрғындар әлеуметтік жұмыспен қамту мәселесін жиі көтереді. Әрине, аудан әкімінің атқарып жатқан жұмысы аз емес. «Жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағытында тұрғындарға мемлекеттік грант ұсыну, шағын несие, жаңа жұмыс орындарына, жастар практикасы және ақылы қоғамдық жұмыстарға тарту, мүгедектігі бар мұқтаж адамдарға әлеуметтік қорғау бағытында да игілікті жұмыстар атқарылуда. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бәтима Махамбетқызының ақпарат құралдарына берген анықтамасынан ауданда бес жүзге жуық мүмкіндігі шектеулі жан бар екенін білдік. Менің айтпағым көмекке мұқтаж адамдардың мәселесі шешімін табар ма еді деген ой еді.

Бисенбай Өтегенов,

зейнеткер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале