2022 жылдың мамырында Қараоба ауылдық округіне қарасты Еңбек елді мекенінде суды тазартатын блок модуль орнатылып, пайдалануға берілген болатын. Әйтсе де тұрғындар блок модуль суынан бастартып, құдықтың суын пайдаланып отыр.
- Казталов ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімінің тапсырысымен 2022 жылдың мамыр айында, БҚО, Казталов ауданы Қараоба ауылдық округі Еңбек елді мекенінде пилоттық жоба ретінде суды тазартатын кешенді блок модулі орнатылып, пайдаланылуға берілді. Жобаның құны — 8 736 000 теңгені құрап, «ВодЭкоФильтр» ЖШС мердігер болып анықталды. Блок модуль орнатылып, пайдалануға берілгенімен халық тұтынбай отыр. Бұл мәселе «AMANAT» партиясының бақылауына алынады, - деді филиал төрағасы.
Мәселені төңіректеп қауымдастық мүшесі Нұрсұлтан Шерниязовпен сөйлестік.
- Халықтың ауыз суды тұтынбауының себебі біріншіден, құдықтағы суды пайдалануы. Екіншіден, халықтың тазартылған ауыз судың дәміне көңілі толмайды. Ауыл тұрғындарымен бұл мәселе бойынша сан мәрте жиын өткізіп, талқыладық. Бірақ кешенді блок модуль суын пайдаланбаймыз деген шешімге тоқталып отыр, - деді ол.
Блок модуль орнатылғанымен кірісі мен шығысының көлемі есептелмеген. Әйтсе де мамандар суды тұтынудан гөрі шығыстарының көп екендігін айтып отыр.
Айта кетейік, 2023 жылы Аққурай, Сатыбалды, Жас елді мекендеріне кешенді блок модулі орнатуға конкурстық рәсім өткізілді. Мердігер болып «Керуен» ЖШС анықталған.
Осы орайда «Аталған елді мекендерде де Еңбектегі ахуал қайталанбай ма?» деген сауал да бар. Мәселе айқын, алдын алып, бақылауды күшейткен жөн.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz