Аңқатыда ақ түйенің қарны жарылып, тұрғындар өз баспанасына кіргенінің ізі суымай, бүгін Подстепный ауылында мәреге жеткен тұрғын үйлердің кілті табысталды.
Қуаныш еселенген салтанатты рәсімге облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов, аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова қатысып, ауыл жұртшылығына ізгі лебіздерін білдірді.
Айта кету керек, Подстепныйда көктемгі су тасқыны кезінде бақандай 105 үйді тасқан су басты. Шамамен бір отбасыда 5 адам болады десек, 600 адамның тағдыры қыл үстінде тұрды.
Мұны дер кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев назарға алып, сенделген халықтың жағдайын бірінші кезекке қоя білді. Осылайша жергілікті әкімдерге қатаң тапсырма беріп, тұрғындарды жыл соңына дейін өз үйлеріне орналастыруды күн тәртібінен түсірмеді.
Міне, жүйелі жұмыс өз жемісін берді деп толық айтуға болады. Ел болашағына мүдделі билік тізгінін ұстағандар халық қамын ойлап, тасқыннан кейінгі тасып жатқан жұмысты атқарып шықты. Ақтарып келеді...
Осымен аталмыш ауылдағы ағайынның барлығы өз баспанасына кірді. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев 20-тамызда 50 үйдің кілтін табыс етсе, облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Ерсайұлы тасқыннан зардап шеккен қалған тұрғындарды баспана кілтімен сүйіншіледі. Бұл жұмыстың ішінде қаншама маңдай тер, тынымсыз еңбек жатыр десеңші... Құрылысқа салғырт қарамаған мердігер компанияларға халықтың айтар алғысы шексіз. Сапасына көңіл толмаса, шағым жоқ. Бұдан артық қандай қуаныш керек?!
– Жаңа үйлеріңіздің іші жанға, сырты малға толы болсын,- деген Тілепберген Каюпов облыс әкімінің дұғай сәлемін жеткізді.
Ауыл тұрғындарының атынан сөз алған Халықбек Сыдықов шынайы алғысын жаудырды. Мирас Ажиков "Мен қазақпын" әнін әуелеткен сәтте ақжаулықты әжелер шашу шашты. Бүлдіршіндер мәз болып, үлкендер толқып тарқасты. Енді подстепныйлықтар алыстан менмұндалайтын жаңа шаңырақта өмір сүреді.
Ақтілек Әлібек,
Теректі ауданы