Жуырда Подстепный балалар футбол мектебінің жетекшісі Қажет Джалитов ұйымдастыруымен дәстүрлі «PODSTEPNOE CUP – 2026» футбол турнирі өз жалауын көтерді.

Аталған турнир бес жас ерекшелігі бойынша өткізіліп, жасөспірімдер футболын дамытуға, балалардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға және тәжірибе алмасуға бағытталған. Бүгінгі күні 2009 – 2010 жылы туған оқушылар арасында өткен жарысқа Бөрлі, Тасқала, оралдық «Алмаз Академиясы», Аңқаты, Олимп және Подстепное командалары қатысты. Турнирдің ашылу салтанатына Подстепный ауылдық округінің әкімі Мейірбек Сұлтанов қатысып, жас спортшыларға сәттілік тілеп, жарыстың жоғары деңгейде өтуіне тілектестік білдірді. Тартысты әрі жоғары бәсекелестік жағдайда өткен ойындардың қорытындысы бойынша III орынға Аңқаты командасы табан тіреді. Ал II орынға Олимп командасы ие болса, жарыстың жеңімпазы атанып, I орынға ие болған Подстепное командасына көрермен қол соқты. Сонымен қатар турнир барысында үздік ойын көрсеткен футболшылар арнайы номинациялармен марапатталды. «Үздік қақпашы» подстепныйлық Арманұлы, «Үздік қорғаушы» аңқатылық Жомартұлы Бекарыс, «Үздік шабуылшы» Олимп командасының мүшесі Супьян Хасанов мен «Үздік ойыншы» аталымына подстепныйлық Сағитжан Бейбарыс ие болды.
Нұргүл Рамазанқызы
Подстепный ауылы