Бөкей ордасы аудандық мәдени демалыс орталығында жыр кеші өтті.
Бұл шара Қарасазда туып, барша қазақтың мақтанышына айналған Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналды.
Поэзия пайғамбарына арналған бұл кеште бесіктен белі шыққан сәбиден, еңкейген егде жастағыларымыз да өнер көрсетті.
Көптен жыр сусап жүрген жандар дәл осы кеште жырды да, әдемі әуенге өрілген әнді де тыңдады, мың бұралған биді де, мағыналы қойылымды да тамашалады.
Әншілеріміз орындаған эстрадалық әндерден бөлек, Жоламан Сисенғалиевтің жанды дауыста домбырамен шырқаған әндері мен ақ жаулықты әжелеріміз әуелеткен әнді де көрермен қауым жылы қабылдады.
Тағы бір айта кетерлігі, кеш барысында көрерменмен де кері байланыс орнатылды. Ақын өмірі мен шығармашылығына байланысты сұрақтар қойылды. Көрермен сауалдың бәріне дұрыс жауап беріп қана қоймай, өздері жатқа білетін жырды да нақышына келтіріп оқып берді.
Анар Артықбай,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz