Бүгін Жаңақала аудандық мәдениет үйінде қазақ поэзиясының мұзбалағы атанған Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған «МҰҚАҒАЛИ» атты спектакль-концерт көрерменге жол тартты.

Алдымен өнер ордасының фойесінде аудандық кітапхана ұжымы “Өлеңімен өмір сүрген ақын” атты әдеби-сазды бағдарлама ұсынды. Қарапайым қағазды өнерге айналдырып, ақын бейнесін айшықтаған мамандар көлемді баннер жасап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Шарада Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығы кеңінен насихатталып, кітапхананың тұрақты оқырмандары сырға толы жырларын жатқа айтып, жырдан туған әуенді бірге шырқады. Бағдарлама соңында кітапханашы Саят Ермекқызы тақырыпқа сай жасақталған кітап көрмесіне шолу жасады.

Сахнада жалғасын тапқан бұл кеш – поэзия мен музыка, махаббат пен парасат астасқан тағылымды рухани шара болды. Қойылым шымылдығы махаббатқа толы сырлы диалогпен ашылып, Мұқағали поэзиясының мәңгілік құндылығын терең сезіндіре білді. Кеште ақынның өлеңдері көркем сахналық шешіммен, әсерлі музыкалық туындылармен үйлесім тапты.

Спектакль желісі арқылы көрермен жас жүректердің таза сезімін, адам жанындағы толқыныс пен арманды, анаға деген шексіз махаббатты, өмір мен бақыт туралы философиялық ойларды бірге кешті. Мұқағалидың “Бақыт деген не өзі?”, “Анашым”, «Сенің көзің»,«Бала ғашық», “Бақыт деген”, «Ана сен бақыттысың», “Ұнатамын мен сені” сынды өлеңдері мен әндері қойылымның көркемдік қуатын арттыра түсті.

Сахна төрінде жарқ еткен мәдениет үйінің өнерпаздары ақын шығармашылығына деген құрметті, сөз өнеріне деген махаббатты жүрекпен жеткізе білді. Әр көрініс көрерменді ойға жетелеп, поэзияның мәңгі жасайтынын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Кеш соңында барлық өнерпаздар сахнаға шығып, Мұқағали рухына тағзым етті. «МҰҚАҒАЛИ» спектакль-концерті – көрерменнің жүрегіне жыр ұялатқан, рухани әлемге терең бойлатқан мәдени қойылым ретінде есте қалды.
Айзада Ақбасова
Жаңақала ауданы