22.06.2024, 15:30
Оқылды: 122

«Мамандық таңдауда қателеспедім» – Ұлпан Зайдағалиева

Форма киген қыздарды арагідік болса да, құқық қорғау қызметкерлері арасынан көре қаламыз. Сондайда ерлерге тән ауыр қызметке нәзік жанды бұрымдыларымыз жүрегі дауалап, қалай келді екен деген сұрақ туындайды.

25602414-140F-404E-A420-06C3082A5A43

Бүгінгі кейіпкеріміз полицейлер қатарында еңбек етіп, алғырлығымен танылған Ұлпан Зайдағалиева – арманы алдамаған жан.

Туған ауылы Көнеккеткендегі О.Исаев атындағы орта мектепті тәмамдаған ол 2017 жылы еш ойланбастан Ақтөбе қаласындағы М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтына оқуға түседі.

Жоғары оқу орнын полиция лейтенаты шенінде аяқтап шыққан Ұлпан сол жылы Тайпақ полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімінде учаскелік полиция инспекторының УПИ көмекшісі болып жұмысын бастайды.

Ұлпанға қазір жүктелген қызмет – жасы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор. Өрендермен профилактикалық жұмыс, олардың арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, заңды бұзып, теріс қылық жасаған тентектерді тәртіптің тезіне салу жас полицейдің жауапкершілігінде.

Ұлпан Зайдағалиева осы және өзге де қызметтерді лайықты атқарып, тәжірибесін шыңдап келеді.

– Мен қызметімді енді бастадым, көп нәрсе тындырдым деп айта алмаймын, атқаратын міндеттерім әлі алда. Тәрбие тал бесіктен басталады. Осы қағиданы жете түсініп, ата-аналар отбасында ұл мен қызға оң тәрбие берсе екен. Қызметтегі тәжірибемде байқағаным – бала қылмысқа көбіне ата-ананың қарауынсыз қалып, тәрбиеге көнбесе барады. Арқа сүйер тірегі болып табылатын әке менен шеше ішімдікке салынып, үйде жиі жанжал шығарып, үлгілі жанұя бола алмаса, әрине, оны көріп өскен жеткіншек дұрыс жолды таңдай алмасы анық. Қазіргі қоғамда жиі орын алатын ажырасу мәселесі де шаңырақта өсіп жатқан балаларға кері әсерін тигізеді. Баланың мінезінің қалыптасуына ең алдымен отбасы әсер етеді десек, мұндай балалармен жұмыстану, оларға заң мен тәртіптен аттауға болмайтыны түсіндіру оңай емес. Себебі олардың түсінігінде өздерінің әрекеттері дұрыс. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген сөздің жаны бар екен, - дейді.

Ұлпанның отбасында үш қыз, бір ұл бар. Әкесі  Ибаттола, анасы Назым – қарапайым еңбек адамдары. Үлкен апасы Жансая Ақсай қаласында ұстаздық қызмет атқарса, Саяжан көршілес Сырым ауданында туризм саласында еңбек етуде.

Інісі Сағындықтың әскери борышын аман-есен өтеп келіп, Орал қаласында жұмысына кіріскеніне де көп болған жоқ екен.

Полицей қыздың қалтқысыз қызметі елеусіз қалмады. Еңбегінің алғашқы жемісі – облыстық полиция департаментінің басшысы, генерал-майор М.Әбләзімовтың өз қолынан алған алғысхат күш пен жігер бергені анық.

2022 жылы да дәл осындай алғысхатқа ие болып, мерейі үстем болды. Өзі жұмыс жасап отырған Тайпақ ПБ басшылығының алғыс хаттары да жұмысына деген құлшынысын одан әрі арттыра түскендей. Былтыр төл мерекелеріне орай облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арман Оразалиевтің Құрмет грамотасы табысталды.

Күнделікті қызметінде уақытпен санаспайтын Ұлпан қызымыз полиция қызметін таңдағанына еш өкінбейді. Әулетінде алғашқы шенді қызмет бұйырған ол жұмысын адал атқаруға бел буған.

Әсет Бисенғалиев

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале