16.09.2020, 17:27
Оқылды: 515

Полиэтилен пакеттер зиянды

Айда-аптада сағынып қауышатын кішкентай сары қыз екеуміз дүкенге жиналдық. Мен жиналып алғанша, аяқ киімін киіп алып тыпыршып тұрған Қамажайым: «Әже, дүкенге баратын сөмке қайда?» демесін бе? «Сөмкесі несі, қазір дүкенде қалтаға салып аламыз» деймін жайбарақат. «Жо-жоқ, болмайды, ондай қалталарды қолданбау керек, ол табиғатқа да, адамға да зиянды» деген бес жасар балғынның ойына таң қалдым.

1

Расымен де, қазір қай дүкенге барсаңыз да, әдемілеп тұрып сауда маркасын бастырған қалталарға қаптап береді. Өте ыңғайлы. Азық-түлік дүкендерінде де тамақты кішкентай қалташаға салып тастаған. Сыйлықтың сыртын әрлеп байлайтын, киім қаптайтын жылтыр қаптамалар, айта берсек, қазір онсыз тірлік жоқтай көрінеді.

Ең алғашында целлофан қаптамалар құны қымбат болған және оны тек дәрі-дәрмек, парфюмерия немесе сыйлықтарды орау үшін ғана қолданған көрінеді. Технологиялық жаңалықтың бәрі де ойламаған жерден ашылады емес пе. Бұл жолы да тап солай болды. Франциядағы бір тоқыма фабрикасына химик болып орналасқан Жак Бранденберг деген адам үстелге жабылатын дастарханды ластаудан сақтау жолын іздеп отырып, заттарды қаптауда теңдессіз, нағыз төңкеріс жасаған целлофанды тапты.

1923 жылы Бранденберг целлофан шығару құқығын Америка Құрама Штатындағы  DuPont компаниясына сатты. Содан 1960 жылдары әлем өндірісіне полиэтилен енгізілгенге дейін целлофан қаптамалар «көшбасшысы» болып келді.

Қазір пайдаланып жүрген қалташалар сол полиэтилен болғанымен, біз оны үйреншікті «целлофан пакет» дей саламыз. Сол полиэтилен қаптамаларды күн сайын пайдалансақ да, зияны туралы ойланбайды екенбіз.

Ия, полиэтилен қалталар қоршаған ортаның «жауы» десек, асыра айтқандық болмас.

Біріншіден, полиэтилен пакеттердің негізгі құрамы  – мұнай мен табиғи газ. Оларды дайындауға әлемдік қара алтын өндірісінің 4 пайызы жұмса­латын көрінеді. Орташа есеппен әрбір қазақстандық жыл бойына 300-500 дана полиэтилен дорба пайдаланса, ол шамамен 50 литр мұнайды шығындайды екен. Егер Қазақстанда18-20 миллиондай адам тұрады деп есептесек,  мұнайды орасан шығындап жатқанымызға көзіңіз жетеді.

Екіншіден, әлемді құрсаған қоқыстың ең зияндысы осы полиэтилен пакеттер екендігін ғалымдар да, табиғат қорғаушылар да дәлелдеп шыққан. Мысалы, Жер бетінің ¾ бөлігін алып жатқан тіршілік көзі – су осы полиэтилен кесірінен алып «қоқыс жәшігіне» айналған. Тіпті, шеті мен шегіне көз жетпес мұхиттарды басқан құты-дорба су тіршілігі тағдырын  қыл үстінде ұстап тұр.

«Мұхит-теңізден алыс жатырмыз» деп көңілді кеңге салайын десек, полиэтилен қаптамалардың топыраққа да зияны орасан болып тұр. Ол жер астында 400 жылға дейін бұзылмай-шірімей жата беретін көрінеді. Түскен жерінде топырақтың құнарын жойып, көктің өсуіне мүмкіндік бермейді.

Дала бойлап, ұшып жүрген сол дорбаларды шұқып, азық қылған құстар жемсауында толып қалған, қорытылмайтын полиэтилен зардабынан өліп қалады. Құс өз алдына, сол полиэтиленді жеп қойған ірі қара мен қой-ешкінің асқазаны жасамай немесе уланып өліп қалғанын талай естігенбіз. Жер бетіндегі климаттың өзгеруіне де себепші – сол.

Ендеше, оны өртеп жібере салса болмай ма дерсіз?

«Полиэтиленнен жану кезінде ауаға аса улы органи­калық қосындылар бөліп шығарады. Ал күлінде ауыр металдар қалады» дейді маман-химиктер. Яғни, оны өртегеннен ауа да, топырақ та уланады.

Қоршаған ортаға, тіршілік атаулыға сонша зиян тартқызатын полиэтилен қапшықтарды, пластик ыдыс-құтыларды өндіру қолдануға әлем елдері тыйым салып жатыр. Ғаламтор мәліметіне сүйенсек, 40-тан астам елде заң жүзінде полиэтилен дорба қолдануға болмайды.

Ең алғаш,  2002 жылы осындай тыйым салған ел – Бангладеш. 1988-1998 жылдары кәріз жүйесіне кептелген полиэтилен қаптамалар кесірінен су басқан кезде елде мыңдаған адам қаза болған. Тап осындай қиындыққа тап болған Гаитиде 2012 жылдан бастап полиэтилен мен пенопластқа тыйым бар. Германияда тұтынушыларға полиэтилен қапшықтар ұсынған дүкендерге сол қаптамаларды қайта өңдеуге жұмсалатын арнайы салық салынады.

Индияда полиэтилен қаптамаларды өндіруге, сатып алуға, жинақтауға және алып-сатуға заң жүзінде тыйым салынған. Осы іспен айналысқан адам сотталып, бес жылға дейін бостандығынан айырылады.

Полиэтилен пакеттерді қолдануға түбегейлі тыйым салған елдердің қатарында Австралия да бар.  Жасыл  аймақтың  Кенгуру аралында орналасқан сауда желілеріне полиэтилен қаптамаға оралған тауар сатуға  қатаң  тыйым  салынған.  Бүгінде  бұл  ел  полиэтилен   пакеттерден таза әлемдегі  алғашқы  мемлекет  болып отыр. Африкадағы Танзания да  экологияны ластайтын пакеттер өндірісінен  ада.  Заңды бұзғанды бір жыл бас бостандығынан айратын заң бар.

2012 жылдың науырызында полиэтилен қаптамалар пайдалануға толық тыйым салған Италияда осы заңды бұзған адамға 2500 евродан 25000 евроға дейін айыппұл салынады.

Ирландиялықтар бір реттік пакеттерді қолданыстан  шығарудың жолын ұзақ іздеген.  Одан  құтылудың  жолы  ретінде  дүкендер полиэтилен орамаларды сатып алушыларға өз құнынан айтарлықтай қымбат бағаға сата бастаған. Қалтаға сал­мақ салатын  пакеттерге ақша шығындағысы келмеген  тұрғындар осыдан  кейін  матадан тігілген дорбаларға көшкен.

Озық ойлы мемлекеттер елінің ертеңін ойлайды. Бұл – дұрыс. Осы бағыттағы шаралар біздің елімізде де қолға алынды.

Қазақстан Республикасының жаңа Экологиялық кодексін дайындау шеңберінде Энергетика министрлігі ел аумағында сауда жасау кезінде шағын сыйымдылықты полиэтилен дорбаларды қолдануға  тыйым салуды кезеңмен енгізу мәселесін қарастыруда. Бірінші кезеңде полиэтилен қаптамаларды тегін таратуға тыйым салынады. Осы кезеңде оның  адам ағзасы мен табиғатқа келтірер кеселі жайлы халыққа түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізіледі. Ал екінші кезеңде оны қолдануға мүлдем тоқтау салынады.

Әзірге қазақстандықтар полиэтилен қаптамалар қолданудан бас тартқан жоқ. Дүкенге бара қалсақ, дүкеншілер сып-сып еткізіп, қалташаға салып береді. Үйге келген соң біз сол қаптаманың бәрін қоқыс жәшігіне тоғытамыз. Оның жартысы сол жәшіктен ұшып шығып, ауыл арасын «гүлдетіп» жібереді. Ауыл-үйді айнала ұшып, әр теректің басында жалбыраған бір целлофан пакет.

Қоқыс полигонына жеткен сол қаптамалар былай да былай ұшып, әр бұтаның басында желбіреп тағы тұрады. Адам аяғы басқан жердің бәрі солай. Жаздай «табиғат аясында демаламыз» деп барғандардың орман-тоғай, өзен-су басына тастаған қапшық-дорбалары, пластик құтылары жайлы айтпай-ақ қояйық. Көше бойы да сол, сусыннан босаған пластик құтылар домалап, жалп-жалп еткен пакеттерді көреміз.

Мұнайды өңдеу, пластик өндіру, оны бояу кезінде ауаға зиянды заттар тасталатынын, ол су мен топыраққа  еніп, тірі ағзаларға орны толмас залал келтіретінін ескермей келеміз.  Бұрындары дүкенге барғанда қолға іле шығатын тор дорбалар мен себеттер болушы еді. Енді соларға көшуді  ойлас­тыруымыз  керек  болып  тұр. Алайда оны басы артық жүк көріп, ескіліктің белгісіне балайтындар полиэтилен пакеттен бас тартуға  әлі ықылас таныта қоймай  отыр. Мен де солардың бірімін. Енді, Қамажай айтқан соң, ойланып қалдым. Сіз де ойланыңыз...Қ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале