Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлыбек Даумов пошта ұжымын қабылдап, кәсіби мерекелерімен құттықтады.
- Пошта қызметінің түйткілді мәселелері көп. Жалақысы аз, жұмысы көп ұжым. Зейнетақы, жәрдемақы беру, түрлі төлем қабылдап, басылымдар таратып, қоғамға үлкен қызмет көрсетіп отырған іргелі ұжым. Атқарып отырған қызметтеріңізге абырой, отбасыларыңызға береке, бастарыңызға амандық тілеймін, - деп, пошта қызметкерлеріне алғысхаттарын табыс етті.
Аудандық мәслихат хатшысы Лариса Қайырғалиева, Сайқын ауылдық округінің әкімі Нұргүл Омарова, аудан үнжариясының редакторы Ұлпан Жакина да пошта қызметкерлерін айтулы күнмен құттықтаса, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Тілеген Арыстанбеков еңбек жолының пошта қызметінен басталғанын айтып, осы саланың ардагерлерін де еске алып, өткеннен сыр шертті.
Аудандық пошта торабының басшысы Гүлнар Мұқанова айтулы күнде назардан тыс қалдырмай, уақыт бөліп, арнайы қабылдау өткізген аудан басшылығына алғысын білдірді.
- Ұжымымыз шағын, тұрақты. Осы әріптестерімнің алды жиырма жылын, кейінгі келгендерінің өзі он жылдан астам уақытын пошта қызметіне арнаған жандар. Пошта торабын кәсіби мамандардың шеберханасы десем артық емес, еңбек жолын бізде бастап, қазіргі таңда үлкен лауазымды иеленіп отырған Шыңғыс Абдоллинді, жауапты қызметте отырған Мәдина мен Қатимамызды мақтан тұтамыз, - деді өз сөзінде.
Ұлпан Әнуарқызы,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz