Махамбеттіктер Жанша Қарекенованы жақсы таниды. Себебі ол көк сөмкесін арқалап, газет-журнал мен хаттарды, сәлем-сауқатты ауылдастарына таратуға асығып тұрады. Осынау қызметте он жылдан аса еңбек еткен ол 2025 жылдан бастап бейнетінің зейнетін көруде.
Жанша Халиханқызы қазіргі Ақжайық ауданының Лбішін ауылына қарасты Тінәлі бөлімшесінде көпбалалы қарапайым отбасында дүниеге келген. Мектепті бітіргеннен кейін Оралдағы кооперативтік техникум тәмамдады. Еңбек жолын 1986 жылы Чапаев ауданының Батурин ауылында байланыс бөлімшесінен бастады. Әрі қарай Каленый, Жамбыл ауылдарында еңбек етті. 2000 жылдары ауданымыздың Махамбет ауылына көшіп келді. 2015 жылы пошта байланысы бөлімшесіне еден жуушы болып қызметке қабылданды. Одан соң пошташы, оператор, артынан сол бөлімшеге жетекшілік етті. Қазіргі таңда пошта арқылы коммуналдық және несие төлемдері қабылданады. Кейіпкеріміз осынау қыметтерді түске дейін атқарып, түсқайта сөмкесін арқалап, ауа райына қарамастан газет-журнал, хат таратады. Осынайша бір күнде бірнеше шақырымды артқа тастайды. Осынау еңбегі үші алғыс хаттармен марапатталды.
-Өмірімде пошташы боламын деп ойлаған емеспін. Батурин ауылында құрбымнын анасы байланыс бөлімшесінде жұмыс жасады. Ол кісі мені осынау жұмысқа тартып, пошташылықтың қыр-сырына үйретті. Артынан өзі зейнеткерлікке кеткенде орында мен қалдым. Осылайша байланыс бөлімшесіндегі еңбек жолым басталды. Жалпы пошта жұмысы әрі қызық, әрі жауапты, әрі қиын. Пошташы болу да оңай еместігінен шығар, бүгінгі жастар бұл жұмысқа келуден қашады. Еңбек адамды көркейтеді емес пе. Осы қызметім арқылы елге кеңінен танылдым, құрметке бөлендім. Сол үшін де тағдырыма, әріптестеріме, ауылдастарыма, мені түсініп, қолдай білген отбасыма ризамын. Отбасы демекші, өзім - көпбалалы анамын. Төрт ұл, бір қызым бар. Бүгінде немере сүйіп отырмын. Енді әже болып, немере бағып үйде отырамын,-дейді Жанша Халиханқызы.
Аудандық пошта байланысы торабының басшысы Жазира Аюпованың сөзінше, Жанша Қаракенова - жанашыр, өз ісін жетік білетін, жауапкершілікпен атқаратын жақсы маман. Махамбет ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Арай Кәкімғалиева да ол кісінің адамгершілік, іскерлік қабілеттерін жоғары бағалайды.
«Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызып», ауылдағы байланыстың бастауында болған Жанша апамызға біз де зор денсаулық, қажымас қайрат және ұзақ өмір тілейміз.
Дина Ахметова
Махамбет ауылы