Бүгін Бөкей ордасы ауданына ҚР премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова, премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов келді. Облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов бастаған жұмыс тобы алдымен пантеонға аялдап, Жәңгір хан, Дәулеткерей мен М-С. Бабажановтардың рухына тағзым етті.
Бұдан соң олар облыстық Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектурлық-этнографиялық, музей-қорығын аралап, тұңғыштар мекенінің тарихымен танысты.
Тамара Қасымқызы бастаған қонақтар Хан ордасы ауылындағы мәдениет үйі алдында «Ауыл аманаты» жобасына қатысушылармен, сондай-ақ сол қаржылық қолдауды алуға ниетті азаматтармен кездесіп, олардың сауалдарына жауап беріп, сөздеріне құлақ түрді.
Ханордалық Света Сариева ауыл адамдарына қолжетімді бағдарлама үшін аналық алғысын білдірсе, Назымгүл Оразгелдиева сол демеу қаржының құрылыс жұмыстарына да берілсе екен деген тілегін айтты.
Осы кездесуде тек ұсыныс-пікір ғана айтылып қоймай, ауыл азаматтары тарапынан жобаға қатысуға ниеттілерге қолдау да көрсетілді.
Таратып айтсақ, аудан жұртшылығына жақсы танымал еңбеккер азамат Мәлік Момынов бір емес үш бірдей отбасына бес-бестен ірі қара мал атады. Бұдан кейін кездесу фойеде жалғасты.
Мұнда Сайқын, Жаңақала, Казталовка аудандарының «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша кәсіптерін бастаған шағын кәсіп иелері өздерінің табыстары туралы айтып, өнімдерімен таныстырды.
Премьер-министр орынбасарының жұмыс сапары «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысын тақырып еткен кеңес отырысымен түйінделді.
Облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов төрағалық еткен отырыста Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлыбек Даумов, Жәнібек ауданы әкімі Тимур Шыниязов, Жаңақала ауданы әкімінің орынбасары Алпамыс Көшкінбаев, Казталов ауданы әкімінің орынбасары Рашид Иманғалиев аталмыш жобаның жүзеге асу жапсары бойынша баяндама жасады.
Өз кезегінде сөз алған премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов 2,5%-бен берілетін несиенің ауыл азаматтары үшін үлкен жеңілдік, жақсы мүмкіндік екенін айтып, жобаның жүзеге асуына бірден бір мүдделі тұлға округ әкімдері екенін айтып, жұмыстарын ширатуды тапсырды.
Ал ҚР премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова ауыл әкімдеріне әлеуметтік жарна мәселесі бойынша жұмыстануды міндеттеді.
Кеңес отырысында сала басшылары мен қожалық иелерінің сұрақтарына толыққанды жауап берілді. Қасымқызының жұмыс сапары Қаратөбе, Теректі аудандарында жалғасын таппақ.
Анар Артықбай,
Фото: Эльдар Сатқанов
Бөкейордасы ауданы
zhaikpress.kz