21.01.2021, 19:18
Оқылды: 15

Приречныйда электр желілері жөндеуді қажет етеді

Теректі ауданына қарасты Приречный ауылдық мәдениет үйінде округ әкімі Мейрамбек Жақсыбековтің халық алдындағы есебі тыңдалды. Оған аудан әкімі Арман Өтеғұлов және мәслихат хатшысы Әлжан Нұрғалиев қатысты.

 dffghfgfh

Округтің егін шаруашылығымен аты шыққан. Ауылдағы 16 шаруа қожалығының барлығы дерлік егін егіп, ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруді жөн көреді. Нәтижесі де жаман емес. Мысалы, күздік қара бидай 1800 га жерге егіліп, шығымдылығы 31,2 ц/га құраған. Ауылда өткен жылмен салыстырғанда малдың барлық түрлерінің саны артқан. 2020 жылдың 1 қаңтарында Приречныйда 2006 ірі қара болса, быр жылдан кейін бұл сан 2546-ға өзгерген.

Богданов ауылдық округі секілді Приречный ауылы да былтыр көгілдір отынға қосылды. Ауылдағы 185 үйдің 104-і бүгінгі таңда газға қосылған. «Ақбұлақ» бағдарламасы шеңберінде Приречный ауылы ауыз сумен қамтылған, тұрғындар игілігін көруде.

Округ әкімінің есебінен соң халық сөз алды. Тұрғындар жиында екі мәселені көтерді. Бірі – ауылдағы электр желілерінің тозығы жеткендігі, екіншісі – жедел жәрдем көлігіне жүргізуші қажеттігі.

Аудан басшысы Арман Өтеғұлов қос сауал бойынша өзі жауап берді.

- Электр желілерінің тозығы жеткендігі – өткір мәселе. Бұл жалғыз Приречный емес, күллі аудан үшін өзекті боп тұр. Аудандағы 80 пайыз электр желілері жөндеуді, не болмаса ауыстыруды қажет етеді. Ол туралы облыстық деңгейде де айтып жүрміз. Ал, жедел жәрдем көлігіне жүргізуші қажет екендігі өте-мөте тосын сауал болды. Кей ауылдарда осы көліктің өзі жоқ. Сіздер болсаңыздар бос жұмыс орынға адам таппай әлексіздер. Округ әкімі аталмыш мәселені жуық уақытта шешу керек, - деді аудан әкімі.

 

Әділет Әлібекұлы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале